1 сағатта 500 тақия: қазақстандық қолөнершілер рекорд орнатты
Ал ең жас қатысушы небәрі 9 жаста болды
Қазақстандық шеберлер 500 дәстүрлі тақияны небәрі бір сағат ішінде тігіп, Қазақстанның рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kz арнасына сілтеме жасап.
100 қолөнер шебері қатысқан бұл ерекше перформансқа еліміздің әр өңірінен келген ісмерлер атсалысты. Ал ең жас қатысушы небәрі 9 жаста болды.
Бұл – тігін саласындағы алғашқы рекорд емес. Өткен жылдың қыркүйек айында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында 450 қолөнер шебері 11 мың шаршы метрден асатын құрақ көрпе тігіп, әлемдік рекорд орнатқан болатын.
Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуаныш Құдайбергенов бұл жетістіктің ерекше құнды екенін атап өтті.
«500 тақия тігу – үлкен көрсеткіш. Бірақ басты қиындық – уақыттың шектеулі болуы. Қолөнершілер тек жылдамдықты ғана емес, тігіннің барлық техникалық талаптарын да сақтауы керек болды. Бұл коммерциялық емес, әлеуметтік жоба. Сондықтан біз мұндай бастамаларды әрдайым қолдаймыз», – деді ол.
Рекорд орнату шарасы елордадағы «Конгресс-орталықта» өтті. Сонымен қатар бұл жерде ұлттық сән көрсетілімі, этникалық әшекейлер, киімдер мен суреттер көрмесі ұйымдастырылды.