$ 502.83  545.37  5.95
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ұлым әлі күнге дейін емделіп жүр»: анасы баласын өртеген жасөспірімнің жазадан құтылып кеткенін айтады

Қазір іс тоқтатылған

«Ұлым әлі күнге дейін емделіп жүр»: анасы баласын өртеген жасөспірімнің жазадан құтылып кеткенін айтады
Фото: pixabay.com

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Шашубай ауылында 16 жастағы жасөспірім 14 жастағы Нұрсұлтанға жанып тұрған сіріңке лақтырып, оның шалбарын өртеп жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Патриот» басылымына сілтеме жасап. 

Шалбарға төгілген бензин лап етіп, бала бірден отқа оранған. Нұрсұлтан киімін шешуге тырысып, оның еріген матасы терісіне жабысып қалған. Алайда кінәлі делінген жасөспірім өз кінәсін жоққа шығарып отыр. Оның үстіне, ол жедел жәрдем шақырмаған, үлкендерден көмек сұрамаған, керісінше, үйіне барып, ескі шалбар әкеліп, оны Нұрсұлтанға киюді бұйырған. Сонымен қатар, оқиғаны ешкімге айтпауға міндеттеген.

«Мен ұлымның қатты күйіп қалғанын білген соң бірден жедел жәрдем шақырдым. Ол ауруханаға жеткізілді. Бірақ бұл оқиға 17 қыркүйекте болғанына қарамастан, кінәлілер әлі күнге дейін жазаға тартылған жоқ. Тіпті күдікті жасөспірімнің ата-анасына да ешқандай шара қолданылған жоқ», – дейді жәбірленушінің анасы.

Тергеушінің әрекетсіздігі мен қылмыстық істі тоқтату туралы шешімі

Бұл іс бойынша тергеу жарты жылдан бері жүріп жатқанына қарамастан, нәтиже жоқ. Ақтоғай ауданының тергеушісі қылмыстық істі қылмыс белгілерінің болмауына байланысты тоқтату туралы шешім шығарған.

Бұл шешімнің күмәнді екеніне бірнеше дәлел бар:

  • Сарапшылардың қорытындысында баланың орташа дәрежедегі күйік алғаны жазылған. Бірақ тергеуші өзінің қаулысында бұл жарақаттарды «жеңіл» деп көрсеткен.
  • Тергеуші әлі күнге дейін заттай айғақтарды – бензин құйылған канистрді, өртенген шалбарды және жәбірленушіге берілген екінші шалбарды алған жоқ.
  • Прокуратура бұл істі тоқтату туралы қаулының күшін жойып, тергеуді жалғастыруды бұйырды, бірақ әзірге ешқандай ілгерілеу байқалмайды.

«Семейде 11 жасар Әлинұрды топ болып соққыға жыққан жасөспірімдер мен олардың ата-аналары жазаға тартылды. Біреулері арнайы мектепке жіберілсе, кейбір ата-аналар ата-ана құқығынан айырылды. Ал бұл жерде – алты ай өтсе де, толық үнсіздік», – дейді жәбірленушінің анасы.

Қазір Нұрсұлтанның жаралары әлі толық жазылмаған. Күйік орнында қатты қышып, үнемі суланатын тыртықтар қалған.

Қарағанды облысының прокуратурасы мен полиция департаментінен бұл істі жеке бақылауға алып, тергеуді әділ жүргізуді сұраймыз.

«Ең болмаса, заттай айғақтарды – өртенген шалбар мен канистрді алып, сараптама жүргізу қажет», – дейді жәбірленуші тарап.

Серіктес жаңалықтары