Астана мен Алматы тұрғындары Наурызды қалай тойлап жатыр (ФОТО)
21 наурызда елорданың алты ауданында мерекелік концерттер өтті

Қазақстандықтар Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтіп жатыр. Елдің түкпір-түкпірінде мерекелік концерттер, театрландырылған қойылымдар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, 21 наурыз күні елорданың алты ауданында мерекелік концерттер мен интерактивті шаралар өтті. Байқоңыр ауданында концерттік бағдарлама «Қазгородок» тұрғын алабында, ал Есіл ауданында №24 мектепте өтті.
Нұра ауданында, Айғыржал көшесіндегі скверде қонақтар үшін киіз үйлер, спорттық алаңдар және ұлттық тағамдар сатылатын жәрмеңке ұйымдастырылды. Сарыарқа ауданының «Көктал» саябағында таңертеңнен бастап спорттық сайыстар өтіп, кейін мерекелік концерт басталды. Сондай-ақ, Алматы және Сарайшық аудандарында да ашық аспан астында концерттер қойылды.
Наурызнама декадасы аясында 14 наурыздан бастап елордада 200-ден астам іс-шара жоспарланған. Оған концерттер, көрмелер, театрландырылған қойылымдар мен шығармашылық кештер кіреді. Тұрғын алаптардағы мерекелік шаралар 22 наурызда да жалғасады.
Алматыда да Наурыз мейрамы кең көлемде тойланып жатыр. Қаланың басты алаңы – «Астана» алаңында таңертеңнен бастап мерекелік атмосфера орнады.
Қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындарды құттықтап, Наурыз – жаңару мен бейбітшіліктің символы екенін атап өтті.
Мерекелік шараларға Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, «Қазақстанның халық қаһарманы» Сат Тоқпақбаев және басқа да танымал тұлғалар қатысты. «Алматы – Наурыз құшағында» атты үлкен концертте «Дос-Мұқасан» ансамблі, Майра Мұхамедқызы, Жанар Айжанова, «КешYOU» тобы және басқа да жұлдыздар өнер көрсетті.
Алматыда Наурыз мейрамы 23 наурызға дейін жалғасады. Кешкі уақыттарда «Juldyzdy Almaty» фестивалі аясында түрлі алаңдарда концерттер, ұлттық ойындар мен қолөнер жәрмеңкелері ұйымдастырылады.