Халықаралық Олимпиада комитетін алғаш рет әйел президент басқарады
Бұл қызметке Зимбабве спорт министрі Кирсти Ковентри сайланды

Зимбабве спорт министрі Кирсти Ковентри Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті болып сайланды. Ол ұйым тарихындағы алғашқы әйел және алғашқы африкалық басшы атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
144-сессияда өткен құпия дауыс беруде Ковентри 97 дауыстың 49-ын жинап, ұйымды 2013 жылдан бері басқарған Томас Бахтың орнына келді. Билік 23 маусым – Олимпиада күніне орай ресми түрде ауысады. Осыдан кейін Бах құрметті президент мәртебесін алады.
Ковентридің алғашқы басты сынағы – 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін Қысқы Олимпиада ойындары болады.
«Бұл – керемет сәт. Мен бала күнімде осындай биікке жетемін деп ешқашан ойламаған едім. Бұл – мен үшін үлкен құрмет және зор жауапкершілік. Сенімдеріңізді ақтау үшін бар күшімді саламын!», — деді Ковентри жеңісі туралы.