Қазақстанның төрт қаласында ауа сапасы қатты нашарлайды
Бұл қалаларда қолайсыз метеожағдайлар қалыптасады

21 наурыз күні Қазақстанның төрт қаласында ауа сапасының төмендеуі болжануда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, Теміртау, Ақтөбе, Шымкент және Алматы қалаларында қолайсыз метеожағдайлар қалыптасады.
«Қолайсыз метеожағдайлар атмосферада ластаушы заттардың жиналуына ықпал етеді, бұл өз кезегінде ауа сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін», — делінген хабарламада.
ҚМЖ дегеніміз – қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың (желдің болмауы, баяу жел, тұман, инверсия) әсерінен зиянды заттардың жер бетіне жақын қабатта шоғырлануы. Мұндай жағдайлар қалалардың экологиялық ахуалына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Синоптиктер тұрғындарға денсаулыққа қамқорлық жасап, қажетсіз жерге шықпауды, ауа сапасына байланысты арнайы мобильді қосымшалар арқылы жағдайды бақылап отыруды ұсынады.