$ 502.83  545.37  5.95
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Жұмыстарыңыз көңіл көншітпейді»: Ақтөбе облысы әкімі жолы су астында қалған Ойыл ауылына барды

Көпір құрылысы тексерілді

«Жұмыстарыңыз көңіл көншітпейді»: Ақтөбе облысы әкімі жолы су астында қалған Ойыл ауылына барды
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ойыл ауданына жұмыс сапарымен барып, су тасқыны қаупіне байланысты жағдайды әуеден бақылап шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өңір басшысы алдымен ауылға кіреберістегі уақытша техникалық көпірдің құрылысын тексерді. Бұл өткел қар суының әсерінен зақымданған көпірдің орнына салынып жатыр. Қазір құрылыс алаңында 25 арнайы техника мен 75-тен астам жұмысшы еңбектеніп жатыр. Құрылысшылар алдымен тіректерді орнатып, содан кейін жол плиталарын төсейді. Жауапты мердігер алдағы екі-үш күнде көпір құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр.

Алайда облыс әкімі құрылыс қарқынына көңілі толмай, мердігерлердің жұмысына сын айтты:

«Ұйымдастырушылық қабілеттеріңіз көңіл көншітпей тұр. Барлық жағдай жасалған. Мемлекеттік сараптама қаңтарда шыққанын білемін, қаржы бөлінді. Енді жұмысты жылдам аяқтап, тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы жол жүруін қамтамасыз етуіміз керек», – деді А. Шахаров.

Жергілікті тұрғындар өзеннен қайықпен өтіп жүр. Аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың айтуынша, ауылда азық-түлік қоры жеткілікті, газ, су және электр энергиясы үздіксіз берілуде.

Сонымен қатар облыс әкімі Ойылдағы балабақша (1,5 млрд теңге) мен мектептің (2,4 млрд теңге) құрылысын да тексерді. 

Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүріп жатыр. 150 орындық балабақша жазда пайдалануға берілсе, 320 орындық мектеп жаңа оқу жылына дейін дайын болады.

Серіктес жаңалықтары