376 адамның 2 млрд теңгесін қағып алған: қаржы пирамидасын ұйымдастырған адам 12 жылға сотталды
«ХАС» қаржы пирамидасын ұйымдастырған адам сотталып кетті

Павлодарда «ХАС» деп аталатын қаржы пирамидасын құру ісі бойынша сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратура мәліметі бойынша, сот 2022-2023 жылдар аралығында қаржы пирамидасының басты ұйымдастырушысының қылмыстық топты құрып, оны басқарғанын анықтады. Ол азаматтардың ақшалай қаражатын жоғары табысты инвестиция ретінде тарту арқылы алаяқтықпен айналысқан. Уәде етілген 70%-ға дейінгі пайда көпшілікке тартымды көрініп, көптеген азамат сеніп қалған.
«Астана, Алматы, Павлодар, Екібастұз және басқа да елді мекендерде 376 азамат алаяқтарға 2 миллиард теңгеден астам қаражат тапсырған.
Мемлекеттік айыптаушы тарап – прокуратура қылмыстық схеманы ұйымдастырушыға қатаң жаза тағайындауды талап етті. Сот айыптау тарапының ұстанымын қолдап, қаржы пирамидасының негізін қалаушыны 12 жылға бас бостандығынан айырды. Қылмыстық топтың қалған мүшелері де түрлі мерзімдер мен жаза түрлеріне кесілді.
Айта кету керек, прокуратура істің әділ үкіммен аяқталуында маңызды рөл атқарды. Ол сотқа ұйымдасқан алаяқтықтың жан-жақты дәлелдерін ұсынды.
Қазіргі таңда үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген прокуратура хабарламасында.