$ 489.15  533.47  5.64
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Энергетика министрлігі шетелдік БАҚ-тағы жарияланымдарға ресми жауап берді

Қазақстанның жаһандық мұнай өндірісіндегі үлесі небәрі 1,5%-ды құрайды

Энергетика министрлігі шетелдік БАҚ-тағы жарияланымдарға ресми жауап берді
Фото: istokphoto.com

Қазақстанның Энергетика министрлігі бірқатар шетелдік БАҚ-тағы ОПЕК+ келісімі аясындағы міндеттемелерге қатысты жарияланымдарға жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство ОПЕК+ келісіміне толық бейілділігін мәлім етті және белгіленген квоталардан тыс өндірілген көлемдерді өтеу шараларын қоса алғанда, өз міндеттемелерін орындау бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.

«Ақпан айындағы квота асып кетуі Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасы (БКЖ) аясындағы технологиялық процестерге байланысты болды. Бұл жоба ұзақ мерзімді сипатқа ие және тұрақты энергетикалық ресурстармен қамтамасыз етуге, сондай-ақ біздің орта мерзімді міндеттемелерімізді орындауға бағытталған.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елдегі ірі акционерлермен және жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздер жүргізді. Талқылау барысында ОПЕК+ келісімі бойынша міндеттемелерді орындау кестесі расталып, белгіленген квоталардан тыс өндірілген көлемдерді өтеу шаралары келісілді», - делінген министрлік хабарламасында.

Қазақстан Республикасы уақытша өндіріс көлемінің артуын өтеу бойынша қажетті шараларды қабылдады. Жақын арада өндіріс көлемі белгіленген лимиттерге толық сәйкес келетіндей етіп реттелетін болады.

«Қазақстанның жаһандық мұнай өндірісіндегі үлесі небәрі 1,5%, ал ОПЕК+ шеңберінде шамамен 3% екенін ескеру қажет. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның әлемдік сұраныс пен ұсыныс балансына айтарлықтай әсер етпейтінін көрсетеді. Дегенмен, бұған қарамастан, еліміз сенімді серіктес ретінде өз міндеттемелерін толық орындап келеді.

Қазақстан әлемдік мұнай нарығындағы тұрақтылықты үнемі қолдайды және ОПЕК+ келісімдеріне толық бейілді. Біз серіктестерімізбен тығыз ынтымақтастықты жалғастырып, келісілген шешімдерді әрі қарай орындауға дайынбыз. Қазақстанның мұнай өндіру саласын дамыту жөніндегі кез келген болашақ жоспарлары халықаралық міндеттемелерге және әлемдік нарықтағы жағдайға қатаң сәйкестікте жүзеге асырылатын болады», - деп хабарлайды министрлік.

Серіктес жаңалықтары