ШҚО-да Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына арналған ақындар айтысы өтті
Жыр бәсекесінің бас жүлдесін талантты ақын Серік Қуанған қанжығасына байлады

«AMANAT» партиясының қолдауымен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі Өр Алтайтың төрінде жазушы, драматург Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына арналған «Қарасөздің қарагері – Қалихан» атты республикалық ақындар айтысын ұйымдастырды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген он екі ақын сөз сайыстырған жыр бәсекесінің екінші айналымына қарсыластарынан жоғары ұпай алған Серік Қуанған, Аспанбек Шұғатаев, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Біржан Байтуов және Иранғайып Күзембаев сынды аузымен құс тістеген жүйрік ақындар бір жарым сағат бойы өзара сөз сайыстырып, «кім мықтыны» анықтады.
Айтыс барысында ащы да тұщы тақырыптар, орынды әзіл-қалжың мен елдік мәселелер қозғалып, көрерменнің қолдауына ие болды. Облыс орталығында араға он жыл салып қайта ұйымдастырылған айтыс – ұлтымыздың ерекше өнері ретінде сағынған халықтың айызын қандырды.
«Айтыс біз үшін сөз өнерінің төресі деуге болады. Айтыстың қадірін ежелден халқымыз жоғары бағалаған. Бүгін біздің қаламызда өткен сөз додасына жиналған жұртшылықтың залға сыймауы халықтың айтысқа сусап қалғандығын көрсеткендей болды. «AMANAT» партиясы ұлттық өнерді ұлықтауда әрдайым бастамашы болуда», - дейді партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нұркенов.
Қазылар алқасының бірауызды шешімімен алты сағатқа созылған жыр бәсекесінің бас жүлдесін талантты ақын Серік Қуанған қанжығасына байлады. Сыйлықты Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өзі табыстап, айтысты жарты күннен астам тапжылмай тыңдаған көрерменге, сөз маржанын сапырған ақындарға, айтысқа арнайы келген ақын Жүрсін Ерман мен депутат Аманжол Әлтаевқа, сондай-ақ өзге де қазылар алқасына ризашылығын білдірді.
«Шығысымызда сән-салтанаты жарасқан керемет кеш өтті. Айтыс өнерінің жанкүйерлері - сіздерге, от ауыз, орақ тілді, сәйгүліктей жүзден жүйрік шыққан, бүгін бағы жанып, бабы келіп тұрған айтыскерлерге - басымызды иіп үлкен рахметімізді айтамыз. Бұйыртса, Қалихан Ысқақ есімінің құрметіне арналған іс-шаралар легі жазда республикалық деңгейде Катонқарағайда да жалғасын табады. Қара сөздің хас шебері болған ағамыздың өнегелі өмірі – болашақ ұрпаққа үлгі. Сондықтан осындай рухани іс-шаралар жалғасын табуға тиіс. Қазақтың айтысы барда, рухымыз берік, болашағымыз айқын», - деді аймақ басшысы.
Жүлделі бірінші орынға ақтық сайыста Серік Қуанғанмен сөз таластырған талантты ақын, семейлік Рүстем Қайыртайұлы лайық деп танылса, екінші орынды қызылордалық Иранғайып Күзембаев пен павлодарлық Аспанбек Шұғатаев өзара бөлісті.
Үшінші орын оралдық Жансая Мусина мен оңтүстіктен келген Біржан Байтуовқа бұйырды.
Айтысқа үлес қосқан өзге ақындардың барлығына ел атынан қомақты сый-сияпат көрсетілді.