Ол қамаудан босап шыққан күні қысқа ғана мәлімдеме жасаған еді
Жуырда оқушыға тиіскені үшін сотталып, қамаудан шыққан әнші Алмас Кішкенбаев 8 наурыз мерекесі қарсаңында Instagram парақшасында жаңа жазба қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әнші желіге жаңа ән жазу сәтінен видео жүктеп, қыздарды 8 наурыз мерекесімен құттықтады.
«Қымбатты қыздар, мерекелеріңізбен! Мен үшін ең маңыздысы – сіздің сезімдеріңіз», – деп жазды ол.
Әлеуметтік желі қолданушылары Кішкенбаевтың қайта оралғанына қуанып, оның жаңа хиті қашан шығатынын сұрады. Сондай-ақ, әншіні қайтадан көпшілік алдына шығуға шақырды.
Бұған дейін Алмас Кішкенбаев жасөспірімге тиіскені үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған еді. Жасөспірімнің айтуынша, Кішкенбаев сусындарды алып, бірге ішуге ұсыныс жасаған, тіпті оған жыныстық сипаттағы қырындау әрекеттерін көрсеткен.
Жасөспірім бұл жағдайды әкесіне айтып берген, ал әкесі құзырлы органдарға шағым түсірген. 22 ақпанда қамаудан босап шыққан әнші кінәсін мойындамай, көзілдіріктің тасасынан қысқа ғана мәлімдеме жасаған болатын.