«Осымен бәрі аяқталды»: Алмас Кішкенбаев алғаш желіге шығып, ендігәрі сұрақ қоймауды өтінді
Ең бастысы, айыппен келіспейтінін айтты

Осыдан жарты ай бұрын кәмелет жасқа толмаған балаға тиіскені үшін сотталған әртіс алғаш желіге шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бәрі аяқталған соң ақпаратты өзім берейін деп ойлаған едім. Барлығы жарыса жазыпты. Жарайды. Біріншіден, осындай қиын жағдайда маған қолдау білдірген жандардың барлығына алғысымды білдіргім келеді. Қолдау білдірген жандар қаншалықты болса, рейтинг жинаған, хайп қуған жандар да жеткілікті болды», – деп бастады сөзін әртіс.
Әйтеуір бәрі аяқталып, шу басылғаннан кейін әнші тек тағылған айыппен келіспейтінін айтумен шектелді, оқиғаның мән-жайын түсіндірмеді.
«Барлығы құдайға шүкір аяқталды. Соттың шешімі бар. Мен заңнан биік емеспін. Заңға бағынам. Бірақ маған айыппен келіскен емеспін. Келіспеймін де. Бәрі құдайға шүкір аяқталды. Маған бұдан былай бұл ақпарат жөнінде сұрақ қоймасаңыздар болады. Осы жерден өзім нүктесін қояйын. Айтарым осы. Аман болыңыздар», – деді Алмас Кішкенбаев.