Ақтауда жылу құбырынан ыстық су атқылап, бір бала оңбай күйіп қалды: ол жансақтау бөліміне түсті
Оқиға 4 наурыз күні сағат 19:30 шамасында болған
Ақтауда жылу желісінде апат болып, атқылаған ыстық судан бір бала оңбай күйіп қалды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 4 наурыз күні сағат 19:30 шамасында 15-шағын аудандағы №13 үйдің жанында болған.
Басылымның мәліметінше, апатқа жылу желілеріне қатып қалған мұз бен ескірген құбырлар себеп болды.
«Ұлым 15-ші ықшамаудандағы №13 үйдің жанындағы кәріз құбырынан жарылған ыстық судың астына тайып құлап, белінен төмен қарай қатты күйік шалған. Ол реанимацияда жатыр. Кешке ауруханадан келсем, суды өшіріп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Баламды құтқарып жатқанда судың қысымын жазып алатын уақытым болмады, түсінесіз бе. «Бұл оқиғаға жауапты біреу болуы керек деп есептеймін. Бұл немқұрайлылық», - дейді күйік шалған баланың анасы.
«Каспий жылу, су арнасы» мемлекеттік кәсіпорнының баспасөз қызметінің хабарлауынша, компания мамандары оқиға болған соң ғана апат туралы хабарлама алған.
«Әрине, күні бойы су ағып, оған ешкім назармай қойды деген жағдай болған жоқ. Біз хабарлама түскен бойда апат орнына жетіп бардық, мамандар түні бойы апатты жоюмен айналысты. Айналасына қоршау орнатылды. Бұл жылу желісіндегі үзіліс болды. Олар таңғы төртке дейін жұмыс істеді, қазір қазу және абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр», - деп хабарлады ұйым.
Баланың жағдайына қатысты дәрігерлер түсініктеме берді.
«Күйік алған баланың жағдайы ауыр. Есін біледі, бірақ алаңдаушылық бар. Науқас қазір жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жүрек соғу жиілігі мен тыныс алуы тұрақты. Травматологтармен бірге күйік жараларын хирургиялық емдеу жүргізілді. Әзірге бала жансақтау бөлімінде қалады», - дейді дәрігерлер.
Ал облыстық Полиция департаменті оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады.
«Бұл факті бойынша «сапасыз құрылыс» бабына сәйкес, қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмысы жалғасып жатыр», - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Қылмыстық кодектің 278-бабы – Сапасыз құрылыс бойынша мынандай жаза қарастырылған.
«Белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады», - делінген заңның аталмыш бабында.