Қазір айналыста жүрген 500, 1 000, 2 000, 5 000 және 10 000 теңгелік банкноттар бар
Ұлттық банк теңге банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес, 2016 жылы банкноттарда қолтаңба қойылуы туралы талапты алып тастаған еді. Қазір айналыста Ұлттық банк төрағасының қолтаңбасы қойылған, сол сияқты қолтаңбасы қойылмаған номиналы 500, 1 000, 2 000, 5 000 және 10 000 теңгелік банкноттар бар. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл банкноттар заңды төлем құралы болып табылады және төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға міндетті. Олар айналыстан тозығы жеткенде ғана алынады.
Қазақстан аумағында айналыста жүрген, заңды төлем құралы болып табылатын ұлттық валюта банкноттары мен монеталарын көрсетулі құны бойынша қабылдаудан бас тартқандарға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 206-бабына сәйкес ескерту жасалады. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап бас тартса, кәсіпкерлік субъектілеріне 5-тен 25 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады.
Екінші деңгейдегі банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың банкноттарды қабылдаудан, айырбастаудан және ұсақтаудан бас тартуы 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлға әкеп соқтырады.
Егер бас тарту жағдайлары кездессе, Ұлттық банктің аумақтық филиалына өтініш жасау қажет.