Талдықорғанда бір топ адам жас жігітті ұрып, мойнынан пышақтап кетті (ВИДЕО)
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды

Талдықорғанда бір топ адам жас жігітті соққыға жығып, артынша мойнынан пышақтап кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Видео Telegram желісіндегі Egov.press каналында жарияланды. Мәліметке сүйенсек, жас жігіт ауруханаға жеткізілген. Жағдайы ауыр күйде.
Талдықорған қаласының полиция басқармасы осыған қатысты дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
«Қылмыс жасады деген күдікпен 17 жастағы жасөспірім ұсталып, қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар, профилактикалық жұмыстар атқарылып жатыр. Кәмелетке толмаған бала арнайы есепке қойылып, білім бөліміне тиісті ұсыныс жіберілді.
Тергеу аяқталғаннан кейін жасөспірімнің ата-анасы баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Тергеу жалғасып жатыр», - делінген облыстық ПД хабарламасында.
Айта кетейік, осыған дейін Семейде мектеп оқушысын қатарластары аяусыз соққыға жығып, жабық ми жарақатын алғаны хабарланған болатын.