Қазақстан коронавирус алғаш табылған Қытайға ұшу мәселесін қарастырып жатыр
Пандемия басталғалы халықаралық бағыттар бойынша 97 бағыттағы рейстер тоқтаған

Қазақстаннан халықаралық рейстер ең алдымен Оңтүстік Корея, Қытай және Әзербайжанға орындалуы мүмкін. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев мәлім етті.
Оның айтуынша, пандемия басталғалы халықаралық бағыттар бойынша аптасына 440 рет ұшатын 97 бағыттағы рейстер тоқтаған. Бұл - бүкіл халықаралық рейстердің 99 пайызы.
«Бүгінгі Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының таралауын болдырмау және алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Сыртқы істер министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып бірнеше халықаралық әуе бағытын қайта ашу бойынша жұмыс жүргізуге тапсырма берілді. Соның ішінде, бірінші кезеңге COVID-2019 бойынша эпидемиологиялық жағдайдың классификациялық деңгейіне сәйкес, Оңтүстік Корея, Қытай және Әзербайжан кірді», - деп хабарлады Талғат Ластаев.
Комитет төрағасы ерекше атап өткендей, «Аталған мемлекеттердің авиациялық басқармаларымен әуе рейстерін қайта бастау мүмкіндігі туралы мәселе енді ғана пысықтала бастаған».
Қазір Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі шетел және Қазақстан азаматтарының мемлекеттік шекара арқылы өту мәселесін қарап жатыр.
«Екінші кезең – эпидемиологиялық қауіпсіздікке байланысты Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Германия, Тайланд және Чехия қарастырылады. Тағы бір бөлек атап өтетін мәселе, бұл аталған рейстер ертеңнен бастап ашылмайды және тек қана эпидемиологиялық жағдайға байланысты, барлық инстанциядағы келісу біткеннен кейін басталады. Рейстердің нақты ұшу күнін тағы да қосымша хабарлаймыз», - деді ол.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан