«Немерең жол апатына түсті»: зейнеткерлер алаяққа алданып, 2 млн теңгесінен айырылды
Оқиға Щучинск қаласында болған

Ақмола облысында зейнеткерлер алаяққа алданып, 2 млн теңгесінен айырылып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Щучинск қаласының зейнеткерлері жол-көлік оқиғасы деген сылтаумен алдаумен байланысты алаяқтардың ең көп тараған айласына тап болды.
«Қарт ақмолалықтарға немересінің апатқа ұшырағаны туралы қоңырау 23 ақпанда түскен. Қоңырау шалушы өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, жолдың белгіленбеген жерінен өтіп бара жатқан қыз баланы көлік қағып кеткенін хабарлаған. Жол-көлік оқиғасынан кейін қыз бала ауруханада жатқанын және оған жеке заттары керек, бірақ көлік жүргізушісімен мәселені шешу үшін ақша қажет екендігін айтты.
Атасы мен әжесі ойланбастан 2 020 000 теңге сомасында ақшаны және қажетті заттарды жинап, алаяқтардың нұсқауы бойынша қорапқа салды. Сол күні жәбірленушілер тұратын үйге көлік келіп, зейнеткер қорапты жеке өзі жүргізушіге тапсырды
Тек кешке, немересі атасы мен әжесіне қоңырау шалғанда, зейнеткерлер алаяқтықтың құрбаны болғанын түсініп, полицияға арыз берді», - делінген облыстық ПД хабарламасында.
Алғашқы тергеу іс-шаралары аясында жедел уәкілдер сәлемдемені алған көлік жүргізушісін анықтады. Жүргізушінің айтуынша, қораптың ішіндегісі туралы ол білмеген, оны Астанаға апарып, бейтаныс адамдарға тапсырған.
Қазіргі уақытта алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.