$ 502.89  527.03  5.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматыда қалың жұртшылық жазушы Дулат Исабековті ақтық сапарға аттандырды

Жиналған жұртшылық оның рухына тағзым етіп, соңғы сапарға шығарып салды

Алматыда қалың жұртшылық жазушы Дулат Исабековті ақтық сапарға аттандырды
Фото: facebook.com/kbegmanov

Қазақ елі Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, классик жазушы-драматург Дулат Исабековті ақтық сапарға аттандырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгін Қазақстан Жазушылар одағында қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері, көрнекті жазушы-драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабековпен қоштасу рәсімі өтті. Бұл қаралы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, қаламдас достары, оқырмандары мен туған-туыстары жиналып, қазақ руханиятының орны толмас қазасына ортақтасты.

«Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов ашып, Дулат Исабековтің қазақ әдебиеті мен руханиятындағы шоқтығы биік орнын атап өтті. Ол жазушының қаламгерлік қуаты мен азаматтық болмысы жайлы әңгімелеп, қаралы қауымға көңіл айтты.

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Төлен Әбдік болса, Дулат Исабековпен болған достығының мән-маңызына тоқталып, оның шығармашылық келбеті мен адами қасиеттерін жүрек сыздатар сағынышпен баяндады.

Жазушының отбасы атынан Мемлекет және қоғам қайраткері Ислам Әлмаханұлы Әбішев сөз сөйлеп, Дулат Исабековтің отбасына, оның жақындары мен ұрпақтарына деген сүйіспеншілігін, қалдырған мұрасы мен өшпес өнегесін тебірене жеткізді.

Қаламгер інілерінің атынан ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрлан Оразалин сөз алып, қазақ руханиятының ауыр қайғысына ортақтасып, Дулат Исабековтің қазақ әдебиетіндегі қайталанбас қолтаңбасын атап өтті», - делінген Жазушылар Одағының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Дулат Исабеков – қазақ прозасының шебері, драматургияның дарабозы, ұлттық руханияттың алып тұлғасы еді. Оның шығармалары ел жадында мәңгі сақталады, ал оның әдеби мұрасы келешек ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз.

Қазақ әдебиетінің қаралы күнінде жиналған жұртшылық оның рухына тағзым етіп, соңғы сапарға шығарып салды.

Серіктес жаңалықтары