Шымкентте қамқоршылық мекеме ата-анасы бар қыздарды заңсыз түрде қарамағына алған
Мекеменің балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеуге рұқсаты болмаған

Құқық қорғау органдары Шымкентте ата-ана қарауынсыз қалған мектеп жасындағы қыздардың заңсыз түрде жеке мекемеде тұрып жатқанын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar сайтына сілтеме жасап
«Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура қызметкерлері жүргізген тексеріс барысында мекемеде негізінен кәмелетке толмаған қыздардың тұрып жатқанын анықтады. Олардың барлығының ата-аналары болғанына қарамастан, қамқоршылық мекеме заңсыз түрде балаларды өз қарамағына алған», — делінген материалда.
Құзырлы органдардың мәліметінше, қамқоршылық қоры заңды түрде тіркелген, алайда балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеуге рұқсаты болмаған. Қазіргі уақытта аталған ұйымның қызметін арнайы комиссия тексеріп жатыр.
Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Абылаевтың айтуынша, мекеме басшылығы бұл жағдайдан хабардар болған.
«Тексеру нәтижесінде мекеме директоры мен әкімшілігі қатаң жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар тәрбие және оқу жөніндегі орынбасарлар мен сынып жетекшілерінің де ақпаратты жасырғаны үшін жауапкершілігі қаралды», — деді Абылаев.
Тексеріс нәтижесінде 33 қыз бала Шымкент қаласының уақытша оқшаулау және бейімдеу орталығына орналастырылды. Олардың барлығы №24 мектепте білім алған.
Белгілі болғандай, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер оқушылардың отбасында тұрмайтынын білген, алайда бұл туралы тиісті органдарға хабарламаған. Қазіргі уақытта ата-аналардың жауапкершілігі мен балаларды қараусыз қалдырғаны үшін педагогикалық қызметкерлердің әрекеттері қарастырылып жатыр.