«Соңғы дүниесін бөлісуге дайын тұрады»: Абдул Баки қазақ елінің қонақжайлылығына таң қалды (ВИДЕО)
Ол қазақ пен пәкістан халқының салт-дәстүрін салыстырды
Пәкістаннан шыққан Абдул Баки 20 жыл бұрын Қазақстанға қоныс аударып, мұнда өзінің отбасын құрды. Ол Ақмола облысының Родина ауылында жары Светлана Климовамен бірге тұрады. Қазіргі уақытта олардың үш баласы бар. Azattyq Rýhy агенттігінің YouTube арнасына берген сұхбатында қазақ халқының қонақжайлығы жайлы сыр шертті.
«Наурыз мерекесі өзіме қатты ұнайды. Бір-бірін танымаса да, ұлттық дәмнен ауыз тигізіп жатады. Төс қағыстырады. Айт пен Ораза бізде де бар. Бірақ Ұлыстың ұлы күнін Қазақстан, Өзбекстан және Ауғанстан мерекелейді. Қазақстанда Наурыз жақсы тойланады. Қонақтан кейін сарқыт салып бергендері де жанды жылытады. Балалар үйде де астан дәм татады. Бізде ондай салт жоқ, бұл тек қазақтарда ғана бар», - дейді Абдул Баки.
Оның айтуынша, кезінде жатақханада тұрған кезде достары өте қонақжай болған.
«Ұлттық дәмді, етті сол кездің өзінде жеп көрдім. Қазақ халқы өте бауырмал, соңғы дүниесін бөлісуге дайын тұрады. Ол кезде жоқшылық болса да, барын аямады. Кейін жағдай жақсарып, кездескенде де қонақжайлығы өзгермеген. Шай ішу кезінде қазақ халқы тамақты бірге қосып жейді. Мен қазірге дейін олардың өзгермегеніне таң қаламын. Қандай көмек керек болса да, «шешеміз» деп жауап береді. Бұл шынайы адамдықтың бейнесі», - дейді ол.
Айта кетейік, Пәкістанда туған Абдул Баки көп жыл бұрын Қазақстанға көшіп келіп, бақытын тапқан. Ақмола облысындағы Родина ауылын мекендеп, Светлана Климоваға үйленген. Қазір үш баласы бар.