$ 502.47  525.83  5.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Таза бейсенбі: игі іске тұрғындар мен белсенділер де қатысуда

«AMANAT» партиясының экологиялық акциялары еліміздің барлық өңірлерінде жалғасуда

Таза бейсенбі: игі іске тұрғындар мен белсенділер де қатысуда
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясының бастамасымен еліміздің барлық өңірінде «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтіп, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Бұл шаралар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жүзеге асуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақтөбе облысында партия белсенділері Ақжар ауылындағы зейнеткер Сәуле Исмағұлова мен Қобда ауылындағы тыл ардагері Петр Резниктің ауласын қардан тазартты. 

«Еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған акция аясында осыған дейін бірнеше өзен маңын тазарттық, ардагерлерге құрмет көрсетіп, ескерткіштер маңында сенбіліктер өткіздік. Бұл жолы қарияларға көмек көрсетуді ұйғардық. Өйткені табиғат ортақ, ал қариялар қашан да құрметке лайық», – деді партияның Хромтау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Майра Балқыбаева.  


Атырау облысы Махамбет ауданындағы «Таза бейсенбі» акциясында орталық алаң қардан тазартылып, 2 тонна қар шығарылды.  

Қыстыгүні қарт кісілерге қол ұшын созу жұмыстары Батыс Қазақстан облысында да жалғасын тапты. «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың еріктілер тобымен бірлесіп, жалғызбасты қарияларға көмек көрсетті. 

Алматы қаласының Наурызбай ауданында «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында егде жастағы тұрғындардың аулалары мен үйлері тазаланды. Акцияға ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Алматы департаментінің сержанттар құрамын даярлау бөлімі мен ерікті жастар қатысты.  

«Бұл іс-шара ауданымызды көркейтуге және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға үлкен үлес қосады. Экологиялық мәдениетті дамытып, таза әрі жайлы орта қалыптастыру – ортақ міндетіміз», – деп атап өтті «AMANAT» партиясының Алматы қаласы Наурызабай аудандық филиалының төрағасы Баймұрат Жамбылов.

Ал Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының қалалық филиалы ұйымдастырған экологиялық акцияға 50-ге жуық адам қатысты. Қатысушылар Берді Қожа көшесінде тазалық жұмыстарын жүргізді.  

Қызылорда облысы Шиелі ауданында ұйымдастырылған «Таза бейсенбі» эко-акциясы аясында Нартай Бекежановтың мемориалдық өнер музейінің ауласы қоқыстан тазартылды. Іс-шараға «AMANAT» партиясының Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, Жастар Рухының еріктілері мен филиал қызметкерлері қатысты.

Павлодар облысы Ақтоғай ауылында «Таза бейсенбі» және «Ардагерлерді ардақтайық» жобалары аясында қайырымдылық акциясы өтті. Волонтерлер мен қоғамға бейжай қарамайтын ауыл тұрғындары жиналып, жалғыз тұратын қарт әжейге көмек көрсетіп, үйінің айналасын қардан тазартты.

«Үлкендерге қамқор болу – біздің парызымыз. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу – жүрек жылуымен жасалатын іс», – деді акцияға қатысушы Сания Бекмырзаева.  

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы «Таза бейсенбі» апталығын Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында майданда және тылда ерліктің ерен үлгісін көрсеткен ардагерлерге құрмет көрсету ісімен жалғастыруда. «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы шеңберінде партияның Келес аудандық филиалы «Жастар Рухы» жастар қанаты белсенділерінің басын қосып, Абай елді мекенінің тұрғыны, тыл ардагері, жалғызілікті қария Нури Тажахметованың үйіне келіп, үй шаруашылығына көмек көрсетті.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында партия мүшелері мен белсенділер «Ауған соғысы ардагерлеріне» арналған ескерткіш маңын қардан тазартты.  

«Қаламыздың тазалығы үшін барлығымыз жауаптымыз. Сондықтан да мұндай шараларға тұрғындарды белсенді қатысуға шақырамын. Бүгін белсенді жастармен бірге «Таза бейсенбі» акциясына қатысып, қаламыздың көрікті орындарының бірін қардан тазаладық», – дейді аудандық мәслихат депутаты Айдос Қиямазанов.

«AMANAT» партиясының экологиялық акциялары еліміздің барлық өңірлерінде жалғасуда. Тазалық шаралары тек қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға да ықпал етуде. Бүгінге дейін эко-акция аясында республика бойынша 90 мың тонна қоқыс шығарылып, игі іске 50 мыңнан аса адам атсалысты.

Серіктес жаңалықтары