Қызыл түске боялған Каспий теңізінің суы тұрғындарды шошытты
Бұл табиғи құбылыс болып шықты
![Қызыл түске боялған Каспий теңізінің суы тұрғындарды шошытты](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/13/67ade1cc43510465065315.jpg)
Ақтау тұрғындары Каспий теңізі жағалауындағы ерекше табиғи құбылысты байқап, оны әлеуметтік желіде бөлісті. 1А ықшам ауданындағы теңіз жағалауы қызыл түске боялған, бұл жағдай тұрғындар мен қала қонақтарының назарын аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Бұл құбылыс Ақшұқыр ауылының тұрғындары арасында да байқалды. Жағдайға байланысты «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымының директоры Кирилл Осин түсініктеме берді.
«Бұл құбылыс жыл сайын қайталанады. Теңіз суының қызыл түске боялуына диатомды балдырлар себеп. Әдетте, бұл су температурасының күрт өзгеруінен болады. Экологияға ешқандай зияны жоқ», - деп сендірді сарапшы.
Маңғыстау облысының экология департаментінің мамандары теңіз суының қауіпсіздігін анықтау үшін 12 ақпанда су сынамасын алды.
«Зерттеу барысында теңіз суында химиялық заттар мен мұнай өнімдерінің бар-жоғы тексеріледі. Нәтижелер кейінірек жарияланады. Айта кетейік, мұндай құбылыстар жыл сайын әлеуметтік желілерде таралып тұрады», -деді департамент өкілдері.
Экологтардың айтуынша, бұл — табиғи процесс, диатомды балдырлар теңіз суына қызыл реңк береді, бірақ олар балықтар мен басқа да тіршілік иелеріне зиянсыз.
Мұндай құбылыстар 2020 жылдың ақпанында Приморский ауылының жағалауында, 2018 жылы 1-ықшам аудандағы «Шағала» қонақүйінен «Нұр Плаза» жағажайына дейінгі аралықта байқалған. Ал 2017 жылы 9А ықшам ауданының жағалауында теңіз суы қызыл түске боялған болатын.