«Өзімнің нәзік, таза қалпымды тапқандаймын»: Балжан Бидаш экс-күйеуі үйленгеннен кейін жан сырын ақтарды
Ол сөзінің басында қоғамның қысымынан адам өзінің жан қалауын ұмытып кететінін айтты
Танымал әнші Балжан Бидаш Балидегі демалысынан кейін ішіндегі жан сырын ақтарып, бұрынғы нәзік қалпына қайта оралғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол сөзінің басында қоғамның қысымынан адам өзінің жан қалауын ұмытып кететінін айтты.
«Бұл жәй ғана демалыс болған жоқ… Әлемнің ең әдемі жерінде болсаң да, ең сәнді жерде жатсаң да, егер ішкі дүниеңде үндестік жоқ болса – бәрі мағынасыз сезілуі мүмкін. Балида мен үшін бәрі басқаша болды. Күн сайын таңғажайып табиғат, дәмді тамақ, уайымсыз, жылы ауа райы, еркіндік… Бірақ ішкі түйсігім маған: «Жетер, оян, бірдеңені түсін!» деп белгі беріп жатқандай болды. Қанша әдемі жерді көрсем де, қыдыруға аса қызығушылығым болмады. Бұл жерде маңыздысы – менің ішкі сапарым болды.
Қоғам бізге үнемі қандай болу керектігін үйретеді. Идеалды бол, табысты бол, жарыс, үлгер, ұят болады, бұл нәрсе дұрыс емес, бәріне ұнауға тырыс, Жақсы қыз былай істеу керек, жақсы адам былай өмір сүруі керек. Бір қарағанда дұрыс сияқты. Бірақ солай өмір сүре жүріп, өзімізді шынайы қабылдауды ұмытып, жүрек, жан, рух қалауын беруді ұмытып кетеміз. Бір сәтте өзіңе көңілің толмай, не істесең де жеткіліксіз сияқты болып, түбінде ішкі шаршау келеді», - деп жазды әнші.
Ол сөзін ары қарай жалғай отырып, өмір сүруге деген махаббаты қайта оралғанын тілге тиек етіп өтті.
«Бали маған көп нәрсені қайта қарауға мүмкіндік берді. Мен өзімнің шынайы, нәзік, таза Балжанымды қайта тапқандаймын. Сұрақ көп қойдым: Өзімді шынымен тыңдаймын ба? Жан қалауын берудемін бе? Құдай берген талантымды қолданудамын ба? Қаншалықты шынайысың? Жауап бірден келген жоқ. Эмоционалды күйде біраз тербелдім. Бірақ күн сайын бір нәрсе анық бола бастады: әдемі, өзіңді бақытты сезінетін өмір қоғамда, біреуде емес яғни сыртқы жағдайларда емес, ішкі күйіңе байланысты.
Ізденістерім арқасында сұрақтарыма ақиқатты жауаптарымды тапқанда өзіме орын бердім. Өмірге деген махаббатым оралды. Кішкентай сәттердің өзі ерекше мәнге ие болды. Сенімім көбейіп, жеңіл бола түстім. Әр нәрсені өзімізден бастап тұрсақ өмір қиын емес.
Жаратушыма осы тәжірибе үшін алғыстармын. Бұл жай демалыс болмады. Бұл – жаңа нұсқаммен бетпе-бет келген, өмірімдегі ең пайдалы сапар болды. Ал сен соңғы рет қашан өзіңмен шынайы сөйлестің?» - деп Балжан Бидаш ойын аяқтады.
Айта кетейік, Балжан Бидаштың 2023 жылдың жазында ажырасып кеткен бұрынғы күйеуі, актер Жаһан Отарғалиев жуырда шаңырақ көтерген болатын.