Мұхаметжан Тынышбайұлының кітабы бір ғасырдан кейін қазақшаланды
Кітап AmalBooks баспасынан жарық көрді

Мәжілісте 1925 жылы жарық көрген Мұхаметжан Тынышбайұлының «Қазақ халқының тарихы» кітабының қазақ тіліндегі нұсқасының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Қазақтың көрнекті зиялысы, Түркістан автономиясының бірінші премьер-министрі, зерттеуші-тарихшы Мұхаметжан Тынышбайұлының жинақтаған деректері осы кітапқа енген.
Кітапты аударуға мұрындық болған AmalBooks баспасының басшысы Бақытжан Бұқарбай тарихи кітап 100 жылдан кейін қазақшаға аударылғанын айтты.
«Ұсынылып отырған жинақтың негізгі өзегіне 1925 жылғы «Қырғыз-қазақ халқының тарихына қатысты материалдар» кітабы арқау болды. Бір ғасырдан кейін кітап қазақшаланып отыр. Кітапта қазақтың ру, тайпалық құрылымдарының тарихы көрсетілген. Қазақ мемлекеттілігінің дамуы мен қалыптасуы да көрініс тапқан»,- деді Бақытжан Бұқарбай.
Кітап 1500 данамен шыққан.
«Кітапты аударып шығару жайлы идея былтыр жазда келген. Аудармашылар тобы тарихшылармен бірлесе отырып еңбек етті. Ал Choco холдингі кітап аудармасына демеушілік жасады. Кітап өзінің өткені мен тарихын білгісі келетін қазақ қоғамына рухани азық болады деп ойлаймыз»,- деді ол.
Кітапқа қолдау білдірген Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Мұхаметжан Тынышбайұлы Алашорданың көрнекті өкілінің бірі екенін атап өтті.
«Түркісіб теміржолының бастауында жүрген қоғам қайраткері Мұхаметжан Тынышбайұлының еңбегі орасан. Инженер, техника ғылымының маманы болғанымен қазақтың тарихына сүбелі үлес қосты. Ақтабан шұбырындыға саяси бағасын беріп кеткен арда азамат. Қазақтың ру,тайралық тарихын түгендеп, пайда болу уақытына қатысты нақты дәлелмен шегелеп жазып кеткен. Орыс империясына қазақтың пайда болуы жай емес екенін көрсету үшін орыс тілінде шығарған. Автор жазылған мәліметтерінің әдебиетін көрсетіп, дәлелдемелермен толықтырып отырған. Осы кітаптың қазақ тіліне аударылғаны өте үлкен мәнге ие»,- деді Елнұр Бейсенбаев.
Кітап тұсаукесеріне Мәжілістің бір топ депутаты да қатысты. Депутат Ерлан Саиров Ресей Думасында екі қазақ депутаты жұмыс істеген деген тарихи фактіге назар аудартқан.
«Бұл кісіні ұлықтап, кітабын қазақшалау өте маңызды. Осы кісінің туған жері Лепсіде болдым. Өзінен қалған екі баласы бар, олармен таныс болдым. Ол кісілер кезінде Ресейден көшіп келген. Олар әкесі айдауда жүргенде Қазақстанда көшбасшы екенін білмедік деп айтады. Тарих өте шағын детальдан тұрады. Біз осындай тұлғалардың кітабын шығару арқылы оларды ұлықтай түсеміз. Осы бағыттағы істі бірігіп жалғастыру керек»,- деді Саиров.