Алматыда жастар саясатының жаңа бағыттары талқыланды
Делегаттардың ашық дауыс беру нәтижесінде «Жастар Рухы» ЖҚ Алматы қалалық филиалының жаңа төрағасы болып Ділдәбек Дидарбек сайланды

Алматы қаласында «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының кезектен тыс VIII есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Жиын барысында ұйымның өткен кезеңдегі қызметі қорытындыланып, алдағы басым бағыттар айқындалды. Конференция делегаттарының дауыс беруімен филиалдың жаңа төрағасы сайланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Конференцияда жастар саясаты, көшбасшылықты дамыту, еріктілік қозғалысын нығайту және жастардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу жолдары талқыланды. Қатысушылар жастардың өз бастамаларын іске асыруға қажетті қолдау мен мүмкіндіктер алуы, сондай-ақ қоғамдық өмірге белсенді араласуы туралы пікір алмасты.
Делегаттардың ашық дауыс беру нәтижесінде «Жастар Рухы» ЖҚ Алматы қалалық филиалының жаңа төрағасы болып Ділдәбек Дидарбек Жұмағалиұлы сайланды. Өз сөзінде ол жастар саясатын дамытуға қатысты көзқарасын білдіріп, ұйым жұмысының жаңа кезеңінде жастардың әлеуетін толық іске асыру үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін айтты.
«Жастардың қоғамдық өмірдегі рөлін арттыру, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге белсене қатысуына жағдай жасауды қолға алатын боламыз. Жастарды қоғамның барлық саласына әсер ету үшін бірге жұмыс істейтін боламыз», – деді Дидарбек Ділдәбек.
Іс-шараға қатысқан «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова жаңа көшбасшыға сәттілік тілеп, алдағы бірқатар жоспар, міндеттермен бөлісті.
«Қазақстан жастары – ел дамуының негізгі қозғаушы күші. Бүгінде елімізде 6 миллионға жуық жас бар, оның ішінде ең көп шоғырланған өңір – 700 мыңға жуық жасы бар Алматы қаласы. Алматы – білім мен ғылымның, мәдениет пен кәсіпкерліктің ғана емес, жастардың бастамалары жүзеге асатын, үлкен армандар орындалатын қала. Сондай-ақ, бұл қала креативті индустрияның қарқынды дамып келе жатқан орталығы. Алдымызда жаңа белестер мен үлкен міндеттер тұр. Жұмысшы мамандықтар жылы, креавтивті жастарға қолдау беру, осы және өзге де міндеттерді бірлесе атқарамыз деп сенемін», – деп атап өтті Ақерке Искандерова.
«Мемлекет басшысы «Жастар Рухы» жастар қанатының VI Съезінде ел жастардан тың бастамалар және озық идеялар күтеді, сондықтан әркім қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезініп, туған елге құрмет жалынды сөзден емес, жасампаз істен көрінетінін ерекше атап өткен болатын. Расымен, Алматы – жастар қаласы. Мұнда 35 жоғары оқу орындары мен 85 колледж бар. Олардың барлығымен жұмыс істеуде үлкен тәжірибе мен зор жауапкершілік қажет», – деді өз сөзінде «AMANAT» партиясы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров.
Сонымен қатар жиында 2022 жылдан бастап Жастар қанатының Алматы қалалық филиалына жетекші болған Әкежан Кеңесов атқарылған жұмыстар, оң нәтижелермен бөлісті.
Одан бөлек, шараға Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек, қалалық мәслихат депутаттары, жастар ұйымдарының жетекшілері, қоғамдық пікір көшбасшылары және белсенділер қатысты.
«Жастар Рухы» ЖҚ Алматы қалалық филиалы алдағы уақытта жастар бастамаларын қолдап, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасауға бағытталған жұмыстарын жалғастыратын болады.