Қазақстанда мүгедек жандарға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі
Бір ай ішінде мүгедек жандарға қандай көмек көрсетілгені белгілі болды
![Қазақстанда мүгедек жандарға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/06/67a44a164e61f622462058.jpg)
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл басынан бері мүгедек жандарға қандай көмек көрсетілгені туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдардың 59,6 мың тапсырысы орындалды, оның ішінде шамамен 37 мыңы оңалтудың техникалық құралдарын (бұдан әрі – ОТҚ), 4,3 мыңы ымдау тілі, 17,6 мыңы жеке көмекші мен 0,7 мыңы санаторийлік-курорттық емдеу қызметін алды.
«Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.
Бүгінде порталда 854 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші, 910 ОТҚ жеткізушісі, 31 мыңнан астам жеке көмекші, 751 ымдау тілі және 129 санаторийлік-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген», - делінген хабарламада.