Астанаға барар жолда жүргізуші СҚО тұрғынын қағып, мерт қылды
Астана – Петропавл тасжолында адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы болды

1 ақпанда Астана – Петропавл тасжолында болған көлік апатынан 43 жастағы Петропавл тұрғыны қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Social Media-ға сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Солтүстік Қазақстан облысындағы Драгомировка мен Обуховка ауылдарының арасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 60 жастағы Volkswagen Passat жүргізушісі елорда бағытына қозғалып келе жатып, жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Ер адам алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Жол апатынан кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері мен медицина мамандары келді. Дәрігерлер ер адамның қайтыс болғанын растады, ал құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті. Жүргізуші тергеу амалдарын жүргізу үшін ұсталды.