$ 495.28  518.41  5.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Делиден ауыр халде келген қыз: Алматы әуежайы не дейді?

Әуежайдың баспасөз қызметі көмек көрсету шаралары туралы егжей-тегжейлі айтып берді

Делиден ауыр халде келген қыз: Алматы әуежайы не дейді?
Фото: Facebook / Almaty international airport

Алматы халықаралық әуежайы Делиден келген, ауыр диагнозы бар қыздың жағдайына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әуежайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, халықаралық хаттамаларға сәйкес, егер әуе жолаушысының халі мүшкіл болса, әуе компаниясы арнайы кодтар арқылы әуежайға алдын ала хабар беруі тиіс.

Бұл жағдайда әуе компаниясы STCR (зембіл қажет жолаушы) коды арқылы ақпарат жолдаған. Сол себепті жолаушыны әуежайда арнайы техникасы бар STCR тобы күтіп тұрды. 

«Әуежайға сырттан жедел жәрдемнің келетіні туралы алдын ала хабарланбаған. Реанимобиль әуежай қызметі келісімінсіз жеткен. Әуе айлағына сыртқы көліктердің кіруіне рұқсат беру үшін жолаушының диагнозы және басқа да маңызды ақпарат кемінде 24 сағат бұрын немесе ұшақ қонғанға дейін 2 сағат бұрын берілуі тиіс. Өкінішке орай, бұл талап орындалмады», – делінген хабарламада.

STCR тобы жолаушының жағдайын көріп, медициналық қызмет пен әуежайдың жедел жәрдемін шақырған, бірақ әуежай қызметінің мәліметінше, жолаушының қасындағы адамдар науқасты жедел жәрдем көлігіне отырғызудан бас тартқан.

Сол себепті ол шекаралық бақылау аймағына жеткізіліп, кедендік және шекаралық бақылаудан кезексіз өткен.

Әуежай қызметкерлерінің айтуынша, олар барлық ережелерге сәйкес әрекет еткен.

«Қауіпсіздік тексерісі кезінде әуежайда ауыр халдегі бала бары туралы алдын ала ақпарат болмаған. Алматы халықаралық әуежайы жолаушының отбасына көңіл айтады. Біз осындай жағдайда қалған жолаушыларға қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын түсінеміз», – делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар әуежай жүріп-тұруы қиын жолаушыларға көмек көрсету қызметін ұсынатынын және бұл үшін әуе компаниясына немесе әуежайға алдын ала хабарлау қажет екенін еске салды.

Серіктес жаңалықтары