Павлодар тұрғыны ақауы бар көлік үшін 20,5 миллион теңгесін қайтарып алды
Сотқа жүгінген азамат ақыры 20,5 миллион теңге өндіріп алды

Ер адам 2023 жылдың желтоқсанында көлікті 19 миллион теңгеге сатып алып, оған 1,7 миллион теңге сақтандыру рәсімдеген. Алайда бірінші техникалық қызмет көрсетуден кейін-ақ көлікте ақаулар пайда болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy pavon.kz сайтына сілтеме жасап.
Техникалық қызмет көрсету кезінде май мен сүзгілер ауыстырылған. Осыдан кейін көлік иесі отбасымен Екібастұзға жолға шыққан. Жолда май деңгейінің көрсеткіші жанып, қозғалтқыштан бөгде дыбыстар шыға бастаған. Келесі күні қозғалтқыштағы майдың түгел ағып кеткені анықталды.
Автокөлік 2024 жылдың 13 наурызынан 12 сәуіріне дейін қызмет көрсету орталығында болған. Осы уақыт ішінде қозғалтқыш ашылған, алайда оның ауыстырылуы тиіс екеніне негіз болатын құжат ұсынылмаған.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті автокөлік иесіне сотқа дейінгі талап арыз жазуға көмектесті. Кейін ол келісімді бұзу және ақшаны қайтару туралы сотқа жүгінді.
Нәтижесінде сот тұтынушының пайдасына шешім шығарып, оған:
- 19 миллион теңге – көлік құнын,
- 959,5 мың теңге – айыппұл,
- 62,8 мың теңге – шығын,
- 100 мың теңге – моральдық өтемақы,
- 204 мың теңге – сот шығындары өндіріп берді.
Жалпы төлем сомасы 20 516 279 теңге болды.