Саудиялық компания Өзбекстанда заманауи қала салады
Наманган қаласында жүзеге асатын жобаның құны мен оны іске асыру мерзімі әлі нақтыланбаған
Саудиялық Alqusaier Сompany компаниясының бас директоры Абдул Азиз аль-Кусайр мен Наманган облысының әкімі Хайрулло Бозоров жаңа қаланың құрылысы бойынша меморандумға қол қойды. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлайды.
Инвесторлардың жоспары бойынша, Namangan City жобасы Наманган қаласының бір ауданында орналасады. Онда бизнес орталықтар, 4-5 жұлдызды қонақүйлер, заманауи ойын-сауық кешендері, көрме залдары, тұрғын үйлер, мектеп, балабақшалар, мейрамханалар мен әлеуметтік нысандар салынады. Жоба үшін 78 гектар жер телімі бөлінеді.
Меморандумға сәйкес, жоба толықтай араб инвесторларының ақшасына қаржыландырылады. Ал, Наманган облысы әкімдігі қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді (электр, газ және сумен жабдықтау, канализация, жолдар және т.б). Сондай-ақ жобаға қажетті құжаттарды ресімдеуге рұқсат беріп, жұмысшылармен қамтамасыз етуге көмек береді.
Жобаның құны мен оны іске асыру мерзімі әлі нақтыланбаған. Алайда Өзбекстандағы ауқымды жобалардың құны бұған дейін әртүрлі бағаланып келген. Мәселен, түрік компаниясы Бұхарада салатын Bukhara City іскерлік орталығына 500 млн доллар көлемінде қаржы жұмсағалы отыр. Ал кувейттік компания Кашкадарья облысының әкімшілік орталығы Карши қаласында салатын «KARSHI CITY» кешеніне 170 млн доллар жұмсамақ.
Alqusaier Сompany – Өзбекстанға инвестиция салып жатқан бірінші саудиялық компания емес. Жыл басында саудиялық Ajlan & Brothers Group компаниясы да Өзбекстандағы әртүрлі инвестициялық жобаларға 2 млрд доллар көлемінде қаржы салуды жоспарлап отырғанын айтты. Сондай-ақ отандық БАҚ-тарда Saudi Aramco компаниясының Өзбекстандағы бірлескен жобаларға инвестиция салу жоспарында барын жазған. 2018 жылы Саудиялық даму қоры Науаи, Ташкент, Ферғана облыстарының ауылдық жерлеріндегі заманауи тұрғын үй құрылысына 50 млн доллар қаржы бөлген.