«Жүріп-тұруымның өзі қиындай түсті»: Қайрат Нұртастың әйелі ақшадан қиналғанын айтты
Қайрат Нұртастың әйелі басындағы қиын жағдайды айтты
Әнші Қайрат Нұртастың әйелі, актриса Жұлдыз Әбдікәрімова сот ісіне байланысты басына түскен қиын жағдай туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол осы жағдайға байланысты денсаулығында қиындықтар болып, салдарынан ауруханаға әрең жеткенін айтты.
«Сот процессі әбден есеңгіретіп жіберді. 2024 жыл басымнан талай сынақ өтті. Білдіртпеуге, жылап-сықтамауға тырыстым. ҚР азаматшасы ретінде заңға, әділдікке көзсіз сендім. Сол сеніммен барлық инстанциядан рет-ретімен өттіп келемін.
Бұл жағдай отбасыма ауыр тиді. Балаларымның берекесі қашты. Соңғы төрт жылда пәтерден пәтерге көшу қажытып жіберді. Алданатынымды кім білген?! 2022 жылдың жазында үйлі боламын деп жүріп, алаяқтыққа тап болдым.
Былтыр көп жайттар анықтала бастады. Шикілікті сезген сәттен құзырлы органдардан араша сұрадым. Үйімді қайтаруды мақсат етіп, сотқа жүгіндім. Осы тұстан бастап түрлі қиындықтар шырмауықтай шырмады», - деді Жұлдыз Әбдікәрімова.
Әншінің жұбайы сөзін жалғай отырып, қарсы тараппен сан мәрте кездескенін, бірақ одан ешқандай нәтиже болмағанын айтып өтті.
«Мемлекеттік құқық қорғау органдары арызымды қарап, іс сотқа жеткенше, Дилярамен сан рет кездестік. Кездесу барысында ұяты оянып, үйімді қайтарып береді деп үміттендім. Бірақ олай болмады. Қайта жолдасы екеуі сотта жеңіліс табатынымды ескертіп, қысым көрсетті.
Осындай кездесулердің бірінен кейін денсаулығым сыр беріп, түн ортасында ауруханадан бір-ақ шықтым. Дәрігерлер жатып ем алуым керектігін айтты. Үйдегі балаларымды қараусыз тастай алмаймын деп, бір апта күндізгі стационарда емделдім. Жағдайым түзелмеді. Жүріп-тұруымның өзі қиындай түсті. Болмаған соң, Алматыдан әпкемді шақыртып, ауруханаға жаттым», - дейді Жұлдыз Әбдікәрімова.
Ол сөз соңында ақшадан қысылып жүргенін айтып өтті.
«Түсірілімдер мен жобаларым толық тоқтады. Жұмыс жүрмеген соң, қаражат жағы, күн көріс қамы қиындай түсті. Сөйтсем, бұл қиындықтың басы ғана екен…
Дәл қазір осының бәрін есіме түсіріп, жазып отырғанымның өзі өте ауыр.
Әрі қарай келесі жолы жазайын…», - деп әншінің жұбайы сөзін аяқтады.