Қазақстанның бірнеше облысында 29 ірі зауыт салынды – Бектенов
Саран қаласы моноқалалар тізімінен қалай шықты
Премьер-министр Олжас Бектенов Тоқаевтың қатысуымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндама жасап, елімізде атқарылған шаруалар жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет басшысы сөз басында Қазақстанның бірнеше облысында ашылатын зауыттар жайлы айтып өтті.
«Қостанай облысында шойын өндіретін, Алматы облысында вольфрам және жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын, Шенкентте бағалы металдар өңдейтін, Қарағанды облысында катодты мыс, автомобиль дөңгелектері мен тұрмыстық техника шығаратын және т.б. 29 ірі зауыт салынды. Саран қаласында заманауи өндіріс орындарының ашылуы олардың моноқалалар санатынан шығуына мүмкіндік берді.
26 миллион тоннадан астам астық, 3 миллион тоннадан астам майлы дақылдар жиналды. Экспортқа 4 миллион тоннадан астам астық жөнелтілді.
Елімізде алғаш рет 19 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 397 денсаулық сақтау нысаны, салынды. 11 мың орынға арналған 40 студенттік жатақхана тапсырылды. Өткен жылы жүк тасымалдау көлемі 10%-ға өсіп, шамамен 1 млрд тоннаға жетті», - дейдіОлжас Бектенов.
Премьер-министр сөзін жалғай отырып, өзге де салалардағы шаруаларға тоқталып өтті.
«12 мың шақырым автомобиль жолдары мен 2800 шақырым темір жол құрылысы жөндеумен және салумен қамтылды. Алматы әуежайларында 3 жаңа терминал пайдалануға берілді. 542 шақырым жылу желісі мен 55 жылу көзі жаңғыртылды. 6,5 мың шақырым инженерлік желі жөндеуден өтті.
Жалпы қуаты 700 мегаваттан асатын қосымша электр генерациясы енгізілді. Шаруалар толық көлемде суармалы сумен қамтамасыз етілді. Бұл ретте Арал теңізіне 2 млрд 600 млн текше метр су жіберілді, бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен едәуір жоғары.
Инвестициялық штаб жалпы құны 50 миллиард долларды құрайтын 115 жоба бойынша түйткілді мәселелерді жедел жойды. Инвест ісінің мүддесі үшін штаб ел үшін қажетті жобаларды уақытылы іске қосуға мүмкіндік беретін шешімдер қабылдайды», - деді премьер-министр.