Ақтөбедегі дәмхана дөнердің ішіндегі темір үшін 1 млн теңге төлейді
Қала тұрғыны дәмхана иесін сотқа берген
Ақтөбелік әйел дөнер жеймін деп тісін сындырып алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол баласы екеуі қаладағы дәмханалардың біріне кіріп, тамақ ішпек болған. Дөнердің ішінен ұзындығы 2 сантиметр болатын темір шыққан. Даяшы дәмхана басшысын шақыру туралы өтінішті орындамаған. Әкімгер темір қосылған дөнердің орнына тәтті тоқаш беріп құтылмақ болған.
Үйіне келгеннен кейін әйелдің қызылиегі ауырған. Дәрігерге қаралған соң тісін жұлып тастауға тура келген. Стоматолог орнына тіс салып беру үшін 680 мың теңге талап еткен. Жәбірленуші бұл соманы және моральдық өтемақы өндіріп алу үшін сотқа жүгінген.
Сот шешім шығарып, дәмхана иесін әйелдің тісін жөндетуге 680 мың және моральдық өтемақы ретінде 400 мың теңге төлеуге міндеттеді.