Шығыста қыста лимон өседі
Жылыжайға келушілерге бір түп гүл сыйға беріледі
Ұлан ауданының Украинка ауылындағы жылыжай осыдан сегіз жыл бұрын ашылған. Ерлі-зайыпты Николай мен Людмила алғашында Киевтен әкелінген лимонның 9 көшетін еккен, қазіргі таңда ол үлкен баққа айналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі buqara.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қысы-жазы келушілер ағыны азайған емес. Әсіресе демалыс күндері экскурсияға деген сұраныс жоғары. Келушілер билетке 1500 теңге төлеп, ішін 40-45 минут алаңсыз аралайды. Экскурсия соңында кішкентай қонақтарға жылыжайдан бір тал өсімдік немесе гүл сыйға беріледі. Бұл – Николай мен Людмиланың кішігірім болса да ерекше дәстүрі», – дейді экскурсия жүргізуші Елена Рыжникова
Жылыжай тек қазақстандықтар арасында ғана емес, Франция мен Германия туристері үшін де танымал. Олар бұл жердің атақты лимондарын көріп, дәмін тату үшін арнайы келеді.
«Ұлық мереке – Наурыз келе жатыр. Осыған орай бізде ерекше экскурсия бағдарламасы дайындалып жатыр. Наурызда кішкентай банан мен лимон пісіп, калистемон ағашы гүлдейді деп күтіліп отыр. Бұл балаларға ұмытылмас әсер сыйлайды», – дейді Елена Рыжникова.