Мәслихат депутаттары жұмысын жандандыруы тиіс – «AMANAT» партиялық бақылауы
Алматы облысында былтыр 23 жоба жүзеге асырылып, 8 мың жұмыс орны ашылды
Былтыр Алматы облысында 950 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, 17 ауыл газбен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ 700 шақырымға жуық жол жөнделді және басқа да маңызды жұмыстар атқарылды. Өңірде партияның сайлауалды уәделерінің жүзеге асырылу тиімділігі Қонаев қаласында өткен «AMANAT» партиялық бақылау комитетінің көшпелі отырысында талқыланды. Сонымен қатар партия өкілдері сайлауалды бағдарлама аясында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, былтыр өңірде нақты экономика саласында 23 жоба жүзеге асырылып, 8 мың жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ 19,4 мың орынға арналған 18 мектеп, 47 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынды. Осылайша «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы азаматтардың өзекті мәселелерін шешуге және облыстың тұрақты дамуына бағытталғанын көрсетті.
«Жер аманаты» партиялық жобасы аясында былтыр 420 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері анықталса, оның 90 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал «Ауыл аманаты» жобасы бойынша соңғы екі жылда 1200-ден астам адам жеңілдетілген несие алды», – деді ол.
Алматы облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Ләззат Тұрлашов мәслихат депутаттарының жұмысы туралы айтты. 2024 жылы халық қалаулылары сайлауалды бағдарлама нысандарына 220-дан астам рейд жүргізіп, 450-ге жуық депутаттық сауал жолдады. Сонымен бірге оның айтуынша, сайлауалды бағдарламаның кей тармақтарының орындалмау себебі – қаржының жеткіліксіздігі мен кейбір мердігерлердің жауапсыздығы.
Комитет төрағасының орынбасары Майра Айсина сайлауалды бағдарламаның әрбір негізгі нысанына қойылған партиялық бақылау бекеттерінің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, амбулаториялар немесе мектептер салу сияқты тапсырмаларды орындаудағы кідірістер кейде нақты себептермен байланысты болғанымен, мұндай жағдайлар сирек кездеседі.
«Меніңше, мәселе себептерде емес, нақты жауапты адамдарда, мәслихат депутаттарында. Барлық мәслихатта біздің партиялық фракциялар басымдыққа ие, сондықтан кез келген мәселелерді жедел шешуге және жергілікті бюджеттен қаражат бөлуге мүмкіндіктері бар. Жауапты қызметтерге кіріспес бұрын, олар өздеріне «Мен не үшін партияға кірдім, не үшін депутат болдым?» деген сұрақтарды қоюы керек. Ешкім оларды жауапкершілік алуға мәжбүрлеген жоқ!» – деді ол.
Сонымен қатар мерзімінде салынбаған немесе жөнделмеген мектептер, емханалар, спорт кешендері және жолдар тізімі жасалған. Мәжіліс депутаты, комитет төрағасы Павел Казанцевтің айтуынша, жоспарлаудағы қателіктер көптеген нысандардың қаржыландырылмауына әкелген. Ал мәслихаттар кез келген өзекті мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылдауға қабілетті.
«Нысандардағы туындаған мәселелер мемлекеттік органдардың, тапсырыс берушілердің және мердігерлердің қатысуымен сұрау салу, ресми хаттар және жиналыстар арқылы жедел қаралуы тиіс. Алайда қазіргі жағдай ондай емес. Кейбір депутаттар өздеріне бекітілген нысандарға мүлдем бармайды, жұмыстардың барысына қызығушылық танытпайды, кейде тіпті қай нысанның бақылауға алынғанын білмейді», – деді ол.
Отырыстың қорытындысы бойынша комитет мүшелері облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының сайлауалды бағдарламаның жекелеген тармақтарын сақтамағаны және оларды жүзеге асыруға жеткілікті бақылау жүргізбегені үшін партиялық жауапкершілігін қарастыру туралы шешім қабылдады.