Пандемия кезінде автокөлік ұрлығы күрт төмендеді
ЕАЭО елдері көлік ұрлығын барынша азайту үшін ұрланған көліктердің бірыңғай базасын жасамақ
Қазақстанда қаңтар-сәуір айларында 160 автокөлік ұрлығы тіркеліпті. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш – 235 болған. Бір жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда ұрлық 31,9%-ға азайып отыр. Бұл туралы finprom.kz хабарлады.
Өңірлер арасында автомобиль ұрлығы ең көп тіркелген – Алматы қаласы (32), одан кейінгі орындарда Қарағанды (25), Қостанай (17) облыстары. Еске сала кетейік, Қостанай облысында автоұрлық 2,8 есеге көбейіп отыр.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ЕАЭО елдері көлік ұрлығын барынша азайту үшін ұрланған көліктердің бірыңғай базасын жасайтынын айтты. Министрдің айтуынша, 2005 жылы ЕАЭО-ға мүше елдер арасында жасалған келісім тиімсіз жұмыс істеп тұр, аталмыш елдердің құзырлы органдары көлік құралдарын қайтару бойынша өтінішті орындамайды.
Тұрғымбаевтың айтуынша, ЕАЭО-ға мүше елдердің құзырлы органдарының көлік құралдарын қайтару туралы өтініштері бүгінде орындалмайды, ал 2005 жылдан бастап олардың арасындағы келісім күшіне енген жоқ. Осы уақыт аралығында Қазақстаннан 220 автокөлік ұрланып, оның 30%-ы ғана қайтарылған.
Жаңа құжатта ЕАЭО елдері өтінішке бір ай ішінде жауап беру туралы норма енгізіледі.
«Біздің басты мақсатымыз - ұрланған автокөлік табылған кезде, аталған көлік құралын ұрланған елде заңдастыруға жол бермеу», - дейді министр.