СҚО-да 116 елді мекенді су басуы мүмкін
Өңірдегі басты гидронысан – Сергеев су қоймасы әлі де тасып жатыр
Солтүстік Қазақстан облысында 116 елді мекенді су басуы мүмкін. Төтенше жағдай қызметі қауіпті аймақта орналасқан қалалар мен ауылдарда тасқынға қарсы дайындықты күшейтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy .
250-ге тарта эвакуациялық пункт әзірленді. Өңірдегі басты гидронысан – Сергеев су қоймасы әлі де тасып жатыр. Жыл басында 4 сантиметрге көтерілген өзен деңгейі біртіндеп түсіп келеді дейді мамандар. Алайда нысан әлі де 101 пайызға толып тұр. Өзеннің қыс бойы тасып жатуы – тарихта болмаған құбылыс. «Қазгидромет» өкілдерінің айтуынша оған жаз бойы толастамаған жаңбыр мен қыс жылы болғандықтан жер асты суының көтерілуі себеп. Қазір негізгі күш бөгеттердің құрылысына бағытталып отыр. Ал наурыз айында өзен-көлдерде мұз жару жұмысы басталады.
«Жаңа бөгеттер мен бөгендер салынып, ескілері нығайтылып жатыр. Жалпы ұзындығы 73 шақырымнан асады. Жолдарда 117 су құбыры тартылды. Елді мекендерде қар тазаланып, сыртқа шығарылып жатыр. Техника мен жеке құрам да тасқынға қарсы шараларға дайындалуда», – деді СҚО ТДЖ бас маманы Ернар Рүстем.