Қостанайда блогер мас күйінде көлік жүргізіп, бағанаға соғылды (ВИДЕО)
Ол жол апатына түскенін видеоға түсіріп, желіге жариялаған
Қостанайда 35 жастағы блогер мас күйінде рульге отырып, жол жиегіндегі бағанаға соғылған соң видеоға түсіріп, TikTok желісіне жариялаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға орнына барған патрульдік полицейлер жүргізушіден алкоголь иісін байқайды. Медициналық куәландыру алкогольдік масаң күйдің орташа дәрежесін көрсетті.
Жүргізуші медициналық айықтырғышқа, ал оның көлігі мамандандырылған автотұраққа қойылды.
«Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін оған 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру қаупі төніп тұр. Сонымен қатар, ол келтірілген зиянды қалпына келтіреді.
Облыста жыл басынан бері осымен мас күйде рульге отырған 60 жүргізуші ұсталды», - делінген ПД хабарламасында.