Павлодарда алаяқтарға көмектескен ерлі-зайыпты ұсталды
Олардан 8 слоты бар 5 sim-box құрылғысы анықталды

Павлодар қаласында телефон алаяқтарына көмектескен ерлі-зайыпты қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ПД мәліметінше, жалдамалы пәтерде әрқайсысында 8 слоты бар 5 sim-box құрылғысы анықталды. Онда қазақстандық ұялы байланыс операторларының sim-карталары орнатылған. Олардың көмегімен республика аумағында интернет-алаяқтық жасау үшін қолданылатын виртуалды абоненттік нөмірлер тіркелген.
«Сонымен қатар 4 роутер мен қазақстандық және шетелдік байланыс операторларының 53 sim-картасы тәркіленді. Ұсталғандар полицияға жеткізілді. Анықталғандай, олардың міндетіне апта сайын құрылғылардағы sim-карталарды ауыстыру кірген. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр», – деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.
Қазақстанда жыл басынан бері 9 мыңнан астам нөмір бұғатталды. Олар арқылы 200 мың алаяқтық қоңырау шалынған. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөліністерінің қызметкерлері 28 интернет-алаяқты, sim-box станцияларының 3 «операторын» ұстап, 7 sim-box құрылғысы мен түрлі ұялы операторлардың 285 sim-картасын тәркіледі.