Сыйлық па, пара ма: Антикор екеуінің аражігін ажыратып берді
Ол алғыс сыйлығының қайтарымы жоқ дейді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов пара мен сыйлықтың аражігін ажыратып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біреуге алғыс айтқыңыз келсе, ештеме дәметпей, шын жүректен сыйлық беруге болады. Дәрігер сізді жақсы емдеп бергені үшін оған бір қорап тәтті әкелсеңіз, ол пара емес. Ал мысалы, дәрігерге келген адамның порталдағы тізімі ең соңында тұрса және ол сол кезегін тез жылжытқысы келіп, дәрігерді шайға шақырса, бұл жағдайда күдік туады. Параны берем деу, ұсыну, талап ету сынды әрекеттер қоғамда жат болуы керек. Президент де тұрмыстық жемқорлық жайлы жиі айтады», - дейді Сарқұлов.
Оның айтуынша, сыйлық беріп, оның қайтарымына қандай да бір әрекетті талап етпей, ештеме күтпей, яғни шын көңілмен алғыс айтуға болады. Бір қорап тәтті туралы айта келе ол құны 2 АЕК-тен асқан сома пара деп саналатынын тағы еске салды.
«Ал Антикорға біреу сыйлық бергісі келсе, арнайы қор бар. Ол бұрыннан жұмыс істеп тұр. 5 АЕК-тен (19660 - авт.) артық сома болса, қорға бағытталады», - дейді Ұлан Сарқұлов.
Еске салсақ, бүгін Мәжілістің жалпы отырсында пара беру мен алу, оны талап ету, бопсалауға қатысты жазаны күшейту жайлы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.