Tele2 мен Altel Қатар еліне сатылды
Бағдат Мусин жағдайды түсіндіріп берді
Tele2 мен Altel Қатар елінің Power International Holding компаниясына сатылды. Бұл туралы «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол өзінің Telegram-арнасында компания ірі халықаралық ойыншы ретінде Қазақстанның телекоммуникация саласын жаңа даму деңгейіне шығаратынын айтты.
«Министр болған кезімде Қазақстандағы телекоммуникация саласы тым монополияланғанын айтып жүргем. Мемлекет басшысы да экономиканың негізгі салаларын демонополизациялау қажеттігін бірнеше рет айтқан болатын.
Бүгін «Қазақтелеком» АҚ «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясындағы 100% үлесін Қатардың Power International Holding холдингіне сату бойынша мәмілені аяқтағанын қуана хабарлаймын.
Power International Holding холдингі ірі халықаралық ойыншы ретінде Қазақстанның телекоммуникация саласын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін. Осындай нағыз бәсекелестік жағдайында операторларға бағаны төмендетіп қана қоймай, сапалы қызмет көрсетуіне тура келмек. Мұндай ашықтық тәсілі нарықта инновацияларға жол ашып, тұтынушылық тәжірибесін жақсартатынын басқа елдерден көруге болады.
Біз ашық және бәсекеге қабілетті нарыққа бет алдық, бұдан тұтынушылар мен бизнестің ұтары көп екені сөзсіз», - деп жазды Бағдат Мусин.