Батыс Қазақстан облысында карантин мерзімі ұзартылды
15 маусымға дейін ауру жұқтыру деңгейі 2%-дан төмен болған жағдайда, карантин тоқтатылуы мүмкін
Батыс Қазақстан облысында карантин режімі 15 маусымға дейін ұзартылды. 15 маусымға дейін ауру жұқтыру деңгейі 2%-дан төмен болған жағдайда, карантин тоқтатылуы мүмкін. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жалпы өңір бойынша 86 ошақтан COVID-19 диагнозымен 370 жағдай тіркелген екен. Соның ішінде 11 адам – 14 жасқа дейінгі балалар. 23 мамыр күнгі аурудың өсімі – 2,8%-ды құрап отыр.
«Жалпы анықталған науқастардың 251-і ауруды сырттан жұқтырған. Бұл барлық науқастың 67,8%-ы. Ал 114 жағдайда індет ауырған адамдармен қарым-қатынас арқылы жұққан. Олардың 63-і – медицина саласының қызметкерлері, бесеуі – полиция қызметкері. Үй жағдайында оқшауланып, отбасы мүшелеріне індет жұқтырған 43 оқиға анықталды. Бүгінгі таңда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 144 науқас тиісті емін алып жатыр. Провизорлық стационарда – 24, карантиндік стационарда – 217 адам, үй жағдайында – 1208 адам оқшаулануда», - дейді Нұрлыбек Ермекұлы.