«Жетінші баласына жүкті»: Атырауда ХҚКО қызметкері маңызды деректерді жойғаны үшін сотталды
Ол 2022-2023 жылдар аралығында қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған
Атырау қаласының №2 соты 10 қаңтарда «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ қызметкеріне қатысты қылмыстық істі қарады. Оған маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға қатысты ақпаратты заңсыз жою және өзгерту айыбы тағылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот мәліметінше, 2022-2023 жылдар аралығында айыпталушы қызметтік өкілеттігін пайдаланып, жылжымайтын мүлік иелері туралы деректерді ақпараттық жүйеден заңсыз өшіріп, жалған ақпарат енгізген. Бұл әрекеттер азаматтардың құқықтарын бұзуға және мемлекеттік мүдделерге нұқсан келтіруге әкелген.
«Сот жеңілдететін жағдай ретінде оның кінәсін толық мойындауын, алты кәмелетке толмаған баласының бар екенін және жетінші баласына жүкті екенін ескерді», — деп жазылған хабарламада.
Айыпталушы кінәлі деп танылып, 738 400 теңге айыппұл төлеуге және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға қолжетімділігі бар қызметтерді атқару құқығынан бір жылға айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.