Президент қол қойған заң «Қазақфильмге» қалай әсер етпек
Аида Балаева кино саласындағы реформа жайлы айтты
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Президент қол қойған заң кино саласына қалай әсер ететіні және «Қазақфильм» киностудиясындағы оң өзгерістер жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұдан былай елімізде түсірілетін фильмдерді қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30 пайызы тікелей «Қазақфильмге» бағытталады. Бұл киностудияның жұмысы тиімді әрі қаржылық тұрғыдан тұрақты болуына мүмкіндік береді.
«Өкінішке қарай, киностудияда болып жатқан оң өзгерістерге көңілі толмайтын киногерлер де жоқ емес. Әрине, ашықтық пен жариялыққа, кіру режимін қатаңдатуға, киностудия қызметінің тиімділігін тексеруге бағытталған қаржылық реформалар барлығына бірдей ұнай бермейді. Дегенмен, естеріңізге сала кетейін, киностудия – мемлекеттік нысан, сондықтан оның арнайы ережелері болуы заңды. Өйткені студия аумағында қымбат құрал-жабдықтар мен мәдени мұра объектілері орналасқан. Сондықтан бұған түсіністікпен қаруға тиіспіз», – деді Министр.
Қаржылық мәселеге келер болсақ, тиімді менеджмент құрал-жабдықтар мен үй-жайларды жалға беру киностудияның мүддесіне сай жүзеге аспағанын көрсетті. Аида Балаеваның айтуынша, көптеген жеке компаниялар «Қазақфильмде» коммерциялық фильмдер түсіргенімен, ондағы табыс киностудия бюджетіне түспеген.
«Коммерциялық аумақтарға аудит жүргізу кезінде де жалға алу құнын бекітуде таңдамалы тәсілдер болғаны анықталды. Мәселен, екі келісімшарт бойынша жалға алу бағасы әдейі төмендетілген, соның салдарынан бір жағдайда 11 ай ішінде 5 940 миллион теңге, ал екіншісінде 7 ай ішінде 42 миллион теңге шығын келген. Құрал-жабдықтар мен үй-жайларды жалға беруде қатаң режим мен бақылау орнату, жаңа қаржыландыру жүйесімен дұрыс басқару арқылы студияны өзін-өзі қамтамасыз ететін табысты орталыққа айналдыруға болады. Мұның алғашқы нәтижесі қазірдің өзінде байқала бастады», – деді ол.
Мысалы, өткен жылы студия төрт коммерциялық фильмді экранға шығарды, оның ішінде «Шырмауық» (режиссері А.Шарғын) және «Капитан Байтасов» (режиссері Д.Қамшыбаев) көркем фильмдері, сондай-ақ екі деректі фильм бар.
Сонымен қатар, «Алтын адам» атты анимациялық фильм толығымен «Қазақфильмнің» техникалық базасында жасалып, оны 2025 жылдың наурыз айында көпшілік назарына ұсыну жоспарлануда.
«Қазіргі кезде «Жабайы» және «Малай» атты көркем фильмдер түсіріліп жатыр және «Күлпәш», «Бүркітші» жобалары жүзеге аспақ. Сондай-ақ биыл өз қаражаты есебінен «Муза» атты деректі фильм түсіру жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының «Қазақфильм» киностудиясының жұмысын жетілдіру бойынша қойып отырған міндеттеріні орындауда бүгінгі қабылданған заң шешуші рөл атқарады деп сенемін. Бұған дейін де атап өткенімдей, «Қазақфильм» тек жұмысын жалғастырып қана қоймай, қарқынды түрде дамитын болады», – деді Аида Балаева.