Шымкентте бес ай бұрын пайдалануға берілген үйлер бүлініп жатыр (ВИДЕО)
Терезеден жел соғып, қабырғалар көгеріп тұр
Шымкентте мүгедектер мен көпбалалы отбасыларға берілген баспаналардың сапасы сын көтермейді. Пәтерлер жарты жыл бұрын ғана пайданалуға берілгенімен, бүгінде шатырдан су кетіп, жертөлесі құрғамай жатқан көрінеді. Тіпті электр жарығы жиі өшіп, жарымжан жандар жиі жеделсатысыз қалады екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Жақында ғана пайдалануға тапсырылған баспаналардың жертөлесі судан құрғамайтын көрінеді. «Ал жаңбыр жауса, шатырдан су ағады», дейді тұрғындар. Тіпті электр жарығы күнара сөнетіндіктен, тоғыз қабатты үй тұрғындары жиі жеделсатысыз қалады екен.
«Қай мердігер салғанын білмейміз. Міне, қирап жатыр, скотч жапсырып қойдық. Терезеден жел гуілдейді. Бөлмелерде де сондай. Төр бөлменің ауданы құжатқа сәйкес келмейді», - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Айсұлу Қараханова.
Тұрғындар үйдің құрылысына ең арзан материалдар қолданылған деп ашынып отыр. Көгеріп, ғимараттың қабыралары да сыр бере бастаған. Қыс мезгілінде бұл пәтерлер тіптен жылымайтын көрінеді. Тұрғындардың айтуынша мердігерлер 54 пәтерлі баспанаға жер үйге арналған шағын сорғы орната салған.
«Насосты бір-бірден істетсек, мысалы, оның күші жетпейді, қуаты жетпейді. Қуаты жетпеген соң, үй деген суық. Халық шулап жатыр, түк нәтиже жоқ. Екеуін бірдей қоссақ, екеуі де күйіп кетеді. Бұған мықты — екі де-екі киловатт насос керек», - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Қайрат Шуанов.
Тұрғындар әкімдікке шағымды қарша боратқанымен, құрылыс басқармасындағылар бұл мәселені бүгінге дейін білмегенін айтып, ақталды. Бірақ бүгіннен бастап жалпы үймен қоса, әр пәтердің мәселесін жіті қарап шығамыз деп отыр.
«Терезеден су өту, тұрғын үйдің жертөлесінен су өту мәселелері кепілдік мерзімде қаралады. Біз мердігер мекемеге ақау актісін толтырып, ресми ескерту беріп, барлығын реттеп береміз. Анықталған кемшіліктерге қарай, мерзім беріледі — 5 күн, бір аптадай», - дейді Шымкент құрылыс басқармасы тұрғын үй бөлімінің басшысы Мақсат Мейманалиев.
Шенеуніктердің сөзіне сенсек, үйдің кем-кетігі санаулы күнде қалпына келеді. Алайда уәдеге сенбейміз деген жұрт мердігерге қатысты мәселені айтып, қала басшысы мен прокуратураға тағы шағымданамыз деп отыр.