«Алқабилер кінәсіз деп тапқан еді»: БҚО-да полиция басшысы ұлының есірткіге қатысты ісі қайта қаралды
Осы жолы ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды
Батыс Қазақстан облысында полиция департаменті басшысының ұлына қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды. Ол есірткіге байланысты қылмыстық іс бойынша айыпталған болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой город» порталына сілтеме жасап.
«2024 жылдың 15 мамырында Маңғыстау облысында 26 жастағы Нұржан Арыновқа қатысты үкім шығарылған еді. Ол Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша «Психотроптық заттардың ірі көлемде заңсыз сақталуы және сатуға ниеттенуі» үшін айыпталған», — деп жазады басылым.
Нұржан Арынов — БҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Арыновтың ұлы. Әкесі тергеу және анықтау саласын қадағалайды. Істі қарау кезінде сотқа қатысқан алқабилер алғашында айыпталушыны кінәсіз деп тапты.
«Полиция Нұржан Арыновты қылмыс үстінде ұстаған. Оның рюкзагынан электронды таразы, металл қасық, скотч, изолента, фольга және арнайы құлыптары бар полиэтилен пакеттер табылған. Пакеттерде жалпы салмағы 43 граммға жуық психотроптық заттар болған. Сот шешімі бойынша Арынов сол уақытта сот залында босатылды», — делінген материалда.
Алайда маусым айында апелляциялық алқа алқабилердің шешімін қайта қарап, оны жойды. Арынов қайтадан қамауға алынып, сот тергеуі қайта басталды. Бұл жолы алқабилер қатал үкім шығарып, айыпталушыны 10 жылға бас бостандығынан айырды.
«Арынов пен оның қорғаушылары сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Олар соттың заңсыз дәлелдерді пайдаланғанын және процессуалдық нормаларды бұзғанын алға тартты. Бірақ сот коллегиясы бұл шағымды негізсіз деп тауып, үкімді өзгеріссіз қалдырды», — делінген хабарламада.
Сот шешімі 2024 жылдың 25 желтоқсанында күшіне енді.