$ 527.23  544.05  5.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

СҚО-да көктемгі су тасқынының алдын алу үшін бөгеттер жөнделіп жатыр

Депутаттар Петропавлдағы бөгетті қалпына келтіру жұмысымен танысты

СҚО-да көктемгі су тасқынының алдын алу үшін бөгеттер жөнделіп жатыр
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода Солтүстік Қазақстан облысына сапары барысында Петропавл қаласы Ойқала шағын ауданындағы бөгетті қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Бұл туралы Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

1960 жылы пайдалануға берілген Ущев көшесіндегі нысан шаһарды су тасқынынан қорғауда елеулі рөл атқарады.

Былтырғы көктемгі алапат су тасқыны Солтүстік Қазақстан тұрғындарын біраз әбігерге салды. Соның салдарынан жүздеген тұрғын үй, бау-бақша учаскелері мен инфрақұрылым нысандарын су басты. Осыны ескеріп, теріскейліктер биыл алдын ала қамданып жатыр.

Қазір өңірде 8 бөгет қалпына келтіріліп жатыр. Соның бірі Ущев көшесіндегі бөгетте Мәжіліс депутаттары болып қайтты. Бөгеттің биіктігі 4,5 метрден 7 метрге дейін, ені 3 метрден 6 метрге дейін, ал ұзындығы 300 метрге дейін ұлғайтылған. Қазіргі уақытта нысанға 205 мың тонна инертті материал жеткізілді. Бөгетті бетон плиталарымен нығайту жүргізіліп жатыр.

«Бұл шаралардың барлығы өткен жылғы жағдайдың алдын алу үшін қолға алынып жатыр. Былтыр тасқыннан көптеген адам зардап шегіп, орасан материалдық шығын келді. Биыл бұған жол берілмейді деп сенеміз. Осы орайда бөгетті қайта қалпына келтіру жұмысы қызу жүргізіліп жатқанына куә болып отырмыз. Ең бастысы құрылыс жұмысының сапалы әрі уақытында аяқталуы», – деді депутат Еркебұлан Мәмбетов.

Жобаның жалпы құны 851 миллион теңгені құрайды. Заманауи технология мен сапалы материалдар қолданылып жатыр. Ол бөгеттің ұзақ мерзімде қызмет етуіне септігін тигізеді. Жұмыстың сапалы орындалуы «AMANAT» партиясының ерекше бақылауында болады.

Былтыр көктемдегі су тасқыны салдарынан облыста 4 мыңнан астам тұрғын үй, 45 кәсіпкерлік нысан, 42 автожол учаскесі зақымданған болатын.

Серіктес жаңалықтары