Білім мен денсаулық, Ақтаудағы апат: депутат Тоқаевтың сұхбатында көтерілген мәселелердің маңызын айтты
Былтыр 18 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 7 мың шақырым автокөлік жолы салынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылды қорытындылап, «Аna tili» газетіне берген көлемді сұхбатына қатысты Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат өз сөзінде сұхбатта елдің жыл бойында атқарған жұмыстары, қол жеткізген жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы айтылғанын қозғап өтті.
«2024 жыл – ерекше жыл. Мемлекет басшысы елімізде инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары барлық өңірде жүргізілгенін атап өтті. 18 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 7 мың шақырым автокөлік жолы салынды және жөнделді. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдары ашылды. Сонымен қатар тау-кен, мұнай-химия және металлургия салаларында ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Ауыл шаруашылығында 27 миллион тоннаға жуық астық жиналып, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді.
Төтенше жағдайларға төтеп беру. 2024 жылғы тасқын ел үшін ауыр сынақ болды. Апат кезінде үкіметтің тиімді әрекеттері арқасында көптеген адам құтқарылды. 63 мыңға жуық маман жұмылдырылып, қауіпсіздік шаралары дер кезінде қабылданды. Су тасқынының салдарын жоюға волонтерлер мен ірі бизнес өкілдері де белсенді атсалысты. Осы жағдайдан кейін жаңа Су кодексінің жобасы талқыланып, 2030 жылға дейін су қоймалары мен ирригация жүйелерін жаңарту жоспары бекітілді», - деп жазды мәжілісмен.
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі сұхбатта желтоқсан айындағы ұшақ апаты туралы да айтылғанын тілге тиек етті.
«Ақтау қаласында болған әуе апаты салдарынан 38 адам қаза тапты, оның ішінде алты Қазақстан азаматы бар. Мемлекет басшысы құтқару жұмыстарына қатысқан барлық азаматқа ризашылығын білдіріп, апат себептерін анықтау үшін халықаралық сарапшылар тартылғанын мәлімдеді.
Экономикалық тұрақтылық пен даму. Президент теңгенің еркін айырбас бағамын қолдайтынын және оны жасанды түрде ұстап тұру орынсыз екенін айтты. Экономикалық реформалар халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Ұлттық инфрақұрылым жоспары аясында 40 триллион теңгеден асатын 200-ден астам жоба іске асырылуда. Теміржол, энергетика және газ құбырларын дамыту, сондай-ақ жасыл энергетика саласында ірі жобалар қолға алынған», - дейді ол.
Әлеуметтік және құқықтық реформалар:
- Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау: Зорлық-зомбылыққа қатысты жазалар күшейтілді, кәмелетке толмағандарды мазақ еткендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
- «Келешек» жинақ жүйесі: Жинақтарды білім алуға және тұрғын үй сатып алуға пайдалану мүмкіндігі қарастырылды.
- Қарызға шектеу: Қарызға белшеден батуға жол бермейтін заң қабылданды.
- Вейпке тыйым: Балалар мен жастар арасында вейп қолдануға тыйым салынды.
«Білім мен денсаулық саласына инвестиция. 217 жаңа мектеп салу жоспарланса, оның 105-і пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау саласы да жаңғыртылуда – ауылдық жерлерде медициналық мекемелер салу жалғасуда.
Президенттің бұл сұхбаты елдің жетістіктері мен алдағы мақсаттарын айқындап берді. Қазақстан дамудың жаңа белесіне көтеріліп, болашаққа сеніммен қадам басып келеді», - деп Берік Бейсенғалиев ойын аяқтады.