Абай облысында 152 адам мінген бес автобус қар құрсауынан шығарылды
Жолаушылар қауіпсіз жерге жеткізілді
Абай облысында ауа райының қолайсыздығынан трассаларда бес жолаушылар автобусы тұрып қалды. Оларға құтқарушылар көмекке келіп, 152 жолаушыны қауіпсіз жерге жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Семей – Барлық-Арасан, Семей – Мақаншы, Өскемен – Мақаншы, Семей – Үржар, Өскемен – Алматы бағыттарында жүріп келе жатқан бес автобус Аягөз қаласындағы жылыту пунктіне жеткізілді. Операцияға жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлері де қатысты», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Астанадағы Байқоңыр ауданының Солтүстік айналма жолында қатты боран кезінде жеңіл автокөлік қарға батып қалған. Құтқарушылар көлікті қауіпсіз аймаққа жеткізіп, төрт жолаушыны эвакуациялады. Оған медициналық көмек қажет болмады.
Осы аудандағы «Рубеж» постының жанында тағы бір жеңіл көлік қар құрсауында қалған. Құтқарушылар арнайы техника көмегімен көлікті қауіпсіз жолға шығарды. Жүргізуші мен жолаушының денсаулығына қауіп төнген жоқ.