Пайдаланушылардың әңгімелерін тыңдады: Apple 95 млн доллар төлейтін болды
Компанияға жазбаларды жарнама берушілерге жіберді деген айып тағылған
Apple компаниясы Siri виртуалды көмекшісі арқылы пайдаланушыларды тыңдады және жазбаларды жарнама берушілерге жіберді деген айып бойынша 95 млн доллар төлеуге келісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BBC сайтына сілтеме жасап.
«Apple-ға қарсы ұжымдық талап-арызда компанияның пайдаланушылардың әңгімелерін рұқсатсыз тыңдағаны және жазбаларды жарнама берушілерге бергені айтылады. Дегенмен, Apple бұл айыптарды жоққа шығарып, Siri арқылы пайдаланушылардың әңгімелерін жазып, үшінші тұлғаларға таратпағанын және жазбаларды пайдаланушылардың келісімінсіз өшірмегенін мәлімдеді», — деп жазылған материалда.
Талапкерлердің айтуынша, Siri кейде «Hey, Siri» фразасын пайдаланбай-ақ қосылып, пайдаланушылардың әңгімелерін жазған. Олар жазбалардың жарнама берушілерге беріліп, олардың негізінде мақсатты жарнамалар үшін кілт сөздер ізделгенін мәлімдеді.
Apple компаниясының адвокаттары 2019 жылдың қазанына дейін жиналған Siri дыбыстық жазбаларын мәңгі жойғанын растауға уәде берді.
«Apple бұл іс бойынша соңғы шешімді 14 ақпанда Солтүстік Калифорния сотында қабылдауды ұсынды. Сот құжаттарына сәйкес, Siri қолдауы бар құрылғыларды 2014-2019 жылдар аралығында пайдаланған АҚШ тұрғындарына әрбір құрылғы үшін 20 долларға дейін өтемақы төленуі мүмкін», — деп жазады басылым.