Атырауда антисанитария жағдайда нан пісіргендер анықталды
Оларда нан пісіруге рұқсат қағаз да болмаған
Атырау қаласында нан өнімдері санитарлық талаптарға сай емес жағдайда пісірілгені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ жайық» басылымына сілтеме жасап.
«Тексеру барысында нан пісірілген орында қол жууға арналған раковина жоқ екені, ауа желдету және кондиционер жүйелері ұзақ уақыт тазаланбағаны белгілі болды. Сонымен қатар мұндай нысандарда болуға тиіс құралдар да табылмаған», — деп жазылған хабарламада.
Пісірілген нан өнімдері тазалық сақталмаған ортада дайындалған. Жұмыс барысында қызметкерлер ластанған халаттарда жүрген, нан пісіру қызметіне қажетті рұқсат қағаздар да болмаған.
«Сот шешімі бойынша кәсіпкерлік қызметті тіркеусіз жүргізгені үшін ӘҚБтК нормаларына сәйкес 90 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы заңды тұлғаны халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заң талаптарын бұзғаны үшін 230 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді», — деп жазады басылым.